Шәкәрім университетінің этнокабинеті – ұлттық мәдениет пен рухани мұраны дәріптеуге арналған ерекше орта. Бұл жер студенттердің тарихи санасын қалыптастырып, қазақ халқының бай мәдениетін сезінуге мүмкіндік беретін тәрбие мен танымның ордасы.
Этнокабинеттің ерекшелігі
Осыдан үш жыл бұрын университет студенттерінің бастамасымен Қытай мен Моңғолиядағы қандастарымыздың ұлттық қолөнер бұйымдары, Шығыс Қазақстанның әр өңірінен жиналған тұрмыстық заттар, дәстүрлі киімдер топтастырылып, оқу ғимаратының ішінде қазақтың киіз үйі тігілді. Бүгінде бұл мәдени мұра орталығы жастардың бас қосатын, рухани нәр алатын сүйікті мекеніне айналды.
Ұлттық мәдениет – жас ұрпақтың бойында
Этнокабинетке келген студенттер домбыра шертіп, ұлттық киім киіп, қазақ халқының қолөнер туындыларын тамашалап, сырмақ, текемет, құрақ көрпелердің үстінде отырып, ата-бабамыздан қалған мұраның қасиетін бойына сіңіруде. Бұл – қазақтың салт-дәстүрін тек зерттеп қана қоймай, оны күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға жасалған маңызды қадам.
Ректордың қолдауы
17 наурыз - Шаңырақ күнінде Шәкәрім университетінің ректоры Думан Рымғалиұлы қара шаңыраққа арнайы келіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған осы бастаманың маңыздылығына тоқталып, экспозициялық көрме ұйымдастыруға қолдау білдіретінін жеткізді.
Ұлттық мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың міндетіміз! Этнокабинет бүгінде тек өткеннің ескерткіші емес, жастарды ұлттық рухта тәрбиелейтін маңызды білім мен тәрбие орталығы болып отыр. Біз өз мәдениетімізді сақтап, насихаттай білсек, болашағымыз да жарқын болары сөзсіз!

