Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі25 маусым 2025футбол

Спорт саласына серпін беретін маңызды кездесу

Шәкәрім университетінің өкілдері мен «Елімай» футбол клубының басшылығы әріптестік орнату мәселесіне арналған кездесу өткізді. Бұл кездесу аймақтың спорттық әлеуетін арттыру, жастар мен балалар спортын дамыту және кәсіби мамандар даярлау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі деуге болады.

 

 

Университет тарапынан кездесуге Шәкәрім университетінің Стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов, Спортклуб директоры Нұрлан Мұқажанов, сондай-ақ Спорт және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі Денешынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Мәдина Жилгильдинова қатысты. «Елімай» футбол клубының директоры Федор Симиниди кездесу барысында өңір үшін маңызды нысан – салынып жатқан балалар футбол орталығының құрылысымен таныстырды.

 

 

Бұл орталық аймақтағы ең ірі әрі заманауи талаптарға сай мамандандырылған спорт кешендерінің бірі болмақ. Федор Симиниди орталықтың балғын футболшыларды тәрбиелеуде және болашақта кәсіби спортқа жол ашуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

 

 

Кездесу барысында өзара серіктестікті дамытудың бірқатар бағыттары  талқыланды. Атап айтқанда, студенттер үшін тәжірибе алмасу, оқу-өндірістік практика ұйымдастыру, жаттықтырушылар мен оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру мәселелері қозғалды.