Шәкәрім университетінің «Студенттік парламент» құрамы “Student`s EXPO 2025” ұйымдар жәрмеңкесін ұйымдастырды. 1 курс студенттеріне арналған жәрмеңкеде әр ұйым студенттік өмір табалдырығын енді аттаған ізбасарларына өздерінің ұйымдарын таныстырып, өткен оқу жылдарында қол жеткізген жетістіктерін паш етті. Әуезді ән мен мәнерлі би, жарасымды әзіл мен қойылымдар ұсынып, бірінші курстықтарға ұмытылмас кеш сыйлады.
Салтанатты кештің шымылдығын университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов ашты. Ол студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, олардың білім алу жолында табысты болуын тілеп, студенттік өмірдің маңыздылығына ерекше тоқталды. Асқар Бағдатұлы студенттік ұйымдардың белсенділігі мен шығармашылығын жоғары бағалап, болашақта да жастардың өздерін дамытуға, қоғамдық өмірге араласуға барынша мүмкіндіктер жасалатынын айтты.
«Студенттік өмір — бұл тек білім алу ғана емес, сонымен қатар тұлға ретінде қалыптасу, жаңа достар табу, өз мүмкіндіктеріңді ашу және университеттің бір бөлігіне айналу»- деді проректор.
Университетте жұмыс істейтін студенттік ұйымдар мен клубтардың жалпы саны – он екі. Бұлар студент жастардың түрлі бағытта дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына, тұлғалық қасиеттерін арттыруына мүмкіндік береді.


