Шәкәрім университетінің «Қарагөз» студенттік жастар театры көрермендеріне «Тағдырымның есімі...» атты жаңа қойылымын ұсынды.
Америкалық жазушы Айн Рэндтің «Менің сатып алған күйеуім» әңгімесінің желісімен жазылып, сахналанған қойылым үш адамның арасындағы махаббат хикаясын терең әрі әсерлі түрде жеткізді. Ерінің бақытты болуы үшін өз махаббатын құрбандыққа шалған Иренэ, сырбаз да сымбатты жігіт Гэнри және сұлу келіншек Клейрдің арасындағы күрделі қарым-қатынастар, олардың ішкі жан дүниесі мен сезімдері көрермендерді бей-жай қалдырмады.
Әдеби көркем шығарманы сахнаға лайықтаған университет студенті Дана Мырзақанова.
Қойылым режиссері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Еркебұлан Нұғұмановтың айтуынша, бұл шығарманы таңдап, сахналауға ұсыныс білдірген – театр жастары. Сондай-ақ, спектакльге жаңа құрам тартылған. Театр мамандығында оқымағанмен, студенттердің сахнада ойнау шеберліктері, өнерге деген ынта-ықыластары жаман емес дейді режиссер.
Қойылым туралы әсер музыка ойналып, жарық өзгеріп, шымылдықтың ашылған сәтінен басталады. Бұл ретте режиссер шеберлігін айшықтайтын тағы бір шығармашылық сәт – музыкалық аспаптар сүйемелімен табиғи дауыстағы әуенмен әрленуі болды. Бұл көрермендерге ерекше эмоция сыйлады.
Жуырда ғана «Қарагөз» театрының Астанада өткен студенттік театрлар фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алғаны жайлы сүйіншілеген едік. Бұл жетістік театрдың болашақтағы шығармашылық жоспарларына жаңа серпін беріп, студенттердің өнерге деген ынтасын одан әрі арттыратыны анық. Келешекте театр ұжымының өз көрермендерін жаңа қойылымдарымен қуанта беретініне сеніміміз мол.




