Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі03 маусым 2025шәкәрім университеті

Ұлттық құрылтай бастамалары университетте талқыланды

Семей, 3 маусым.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Shakarim University ұжымымен кездесті. Бұл маңызды іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шақырылған Ұлттық құрылтайдың маңызын түсіндіру, оның қағидаттарын өңірлік деңгейде іске асыру жолдарын талқылауға арналды.

 

 

Кездесу Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бұдан соң Мәлік Отарбаев оқу орнындағы Шәкәрім музейіне бас сұғып,   Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей жәдігерлер, жазбалар, фотосуреттер мен сирек кездесетін құжаттармен танысты.

 

 

Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен, жас ғалымдармен болған кездесуде Ұлттық құрылтайдың IV отырысында қозғалған өзекті мәселелерге қатысты университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеу бағыттары таныстырылды.

Университет ректоры Думан Орынбеков Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалары  Шәкәрім университетінде нақты жобалармен іске асырылып жатқанын атап өтті.

 

 

Талдау және стратегиялық жоспарлау орталығының үйлестірушісі Нәзигүл Газизова «Ұлттық құрылтай қағидаттары – жастар назарында» тақырыбындағы баяндамасында  Мемлекет басшысының «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді...» деген сөзін келтіріп, біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аударудың  маңызды екендігіне тоқталды. Ол, сондай-ақ, оқу орнында білім алушылардың игілігіне берілген орталықтар, заманауи зертханалар мен дәрісханалар жайлы айтып, атқарылып жатқан игі істерден хабардар етті. 

 

 

Профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Кәрімов аймақтық тарих ғылымның дамуы, өңірде жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулердің маңызы мен нәтижелері жайлы  бөлісіп, тарихи сананы жаңғырту жолдарын ұсынды.

 

 

Ал Стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Асқар Қасымов Shakarim University-де  атом энергетикасы саласына маман даярлаудың 1996 жылдан бастап қолға алынғаны, бүгінде үш деңгейлі білім берудің (бакалавриат, магистратура, PhD докторантура) жолға қойылғанына тоқталып, былтырғы референдум өткеннен кейін оқу орнында екі білім беру бағдарламасының ашылғанын айтып өтті.  Сонымен қатар, Президент кеңесшісіне жасанды интеллект саласындағы жобалар, университеттің агротехнологиялық әлеуеті т.б. таныстырылды.

 

 

Мәлік Отарбаев жиынды қорытындылай келе, Қазақстан қоғамындағы заң мен тәртіптің маңыздылығына, қоғамдық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ ұлт бірлігі мен ынтымақтастықты дамытудың қажеттігіне ерекше тоқталды. Ол Мемлекет басшысының бастамаларын өңірлік деңгейде жүзеге асыру — ел дамуының кепілі екенін айтты. Сондай-ақ, университет ұжымының жаңа жобалар мен инновациялық зерттеулерге белсенді қатысуы — болашаққа сенімді қадам екенін атап өтті. 

«Президентіміз ғылым, білім саласын дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Қазақстан бойынша барлық жоғары оқу орындарының бюджеті артты. Оқытушылық құрамның жалақысы көтерілді. Бұндай мемлекеттік қолдау тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Ғылыми негіз болмай, біз дами алмаймыз. Бұған көзіміз жетті. Шәкәрім университеті де қаншама ғылыми жобаларды игеріп отыр. Мемлекет басшысы жас ғалымдардың дамуына, идеяларын жүзеге асыруына барлық жағдайды жасауда. Жастар талмай білім алып, кәсіби маман болуға тырысу қажет. Сондықтан сіздерге таудай талап, үздіксіз ізденіс пен қайтпас жігер тілеймін»- деді ол.