22 мамырда Жаратылыстаны ғылымдары жоғары мектебінің Денешынықтыру және спорт кафедрасының ұйымдастыруымен «Ұлттық спорт түрлерін білім беру жүйесіне енгізудің мүмкіндіктері мен болашағы» дөңгелек үстелі өткізілді.
Бұл іс-шара қазақтың ұлттық күресі мен тоғызқұмалақ ойынын Қазақстанның білім беру жүйесіне енгізу жолдарын талқылауға арналды.
Іс-шараға ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген сарапшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың: Б. Турусбеков атындағы Қырғыз Мемлекеттік Дене шынықтыру және спорт академиясы, Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі, Абай облысының Ұлттық және ат спорт түрлері спорт клубы, Абай облысының жеңіл атлетикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясы, Мектеп жанындағы интернаты бар N 42 орта мектебі, «Дала қырандары» қоғамдық қозғалыстың өкілдері қатысты.
Мамандар қазақ күресі мен тоғызқұмалақ сияқты ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық спорт түрлерін мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында оқыту мәселелерін талқылап, оқыту әдістемесі, маман даярлау және материалдық база сияқты өзекті мәселелер жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Ұлттық спорттың жанашырлары «Қазақстанның ұлттық спорт түрлерінің қазіргі жағдайы және халықаралық ілгерілеуі», «Цифрлық технологиялар дәуіріндегі Тоғызқұмалақ: онлайн ойындар және халықаралық турнирлер», «Қазақстанның ұлттық спорт түрлерін дәріптеудегі университеттің рөлі» т.б. тақырыптар бойынша маңызды мәселелерді қозғап, нақты ұсыныстарын ұсынды.
Дөңгелек үстел басындағы ой-талқы барысында бірнеше негізгі бағыт айқындалды:
▪️ Ұлттық спорт түрлерін оқу бағдарламаларына енгізудегі кедергілер мен оларды шешу жолдары;
▪️ Жастар арасында ұлттық спортты насихаттау;
▪️ ЖОО мен мектептер арасында ұлттық спорт фестивальдерін ұйымдастыру;
▪️ Университеттер, федерациялар және қоғамдық ұйымдар арасындағы бірлескен жобаларды іске асыру.
Іс-шарада Дене шынықтыру және спорт кафедрасының түлегі, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын медаль иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әлем чемпионы, Азия чемпионы Роза Нысантайқызына жеке жаттықтырушысы Айбек Жұманбаев «Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын салтанатты түрде табыс етті.



