11–13 маусым күндері Түркістан қаласында қазақ күресінен өткен Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары арасындағы XIII жазғы универсиада өз мәресіне жетті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 40-тан астам ЖОО командаларының кіл мықтылары күш сынасқан жарыста Шәкәрім университетінің спортшылары айрықша табысқа қол жеткізді. Университет намысын қорғаған палуандарымыз бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, оқу ордасының абыройын асқақтатты. Атап айтсақ, Карина Қаракенова — алтын медаль, Қасиет Қарқын — күміс медальді еншілесе, Бақдәулет Құмаршанов пен Құндыз Қоңырқанова қола жүлде иегері атанды.
Жас спортшылардың бұл жетістігі — олардың қажырлы еңбегі мен дайындығының нәтижесі. Сонымен қатар, палуандарымызды жарысқа дайындаған Дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы Айбек Жұманбаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Боз кілемде тек шеберлік пен табандылық қана емес, рух пен намыс та сынға түскен болатын. Университет палуандары осы сыннан сүрінбей өтіп, өздерінің биік деңгейін дәлелдей білді.
Жеңімпаз студенттерімізді шын жүректен құттықтаймыз!


