Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі23 сәуір 2025жеңіс-

ЕРЛІК ЖОЛЫ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Бизнес жоғары мектебі  Жеңістің 80 жылдығына орай «Батырлар туралы естелік» атты ерекше іс-шара ұйымдастырды. Мақсаты — Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік көрсеткен батырларды еске алу, олардың тарихын жастарға жеткізу және патриоттық сезімді нығайту.

 

 

Іс-шараның ашылуында Бизнес жоғары мектебінің деканы Айгүл Зейнуллина жиынның маңызына тоқталып, оның жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырудағы рөлін атап өтті.

Тарих ғылымдарының кандидаты, «Тарих және құқық» кафедрасының профессоры Мұхтарбек Кәрімов «Абай облысының батырлары» тақырыбында баяндама жасап, 1941-1945 жылдардағы соғыста асқан ерлік көрсеткен батырлармен таныстырды. Ол батырлардың өмір жолдары, олардың көрсеткен ерліктері мен естеліктері туралы қызықты деректермен бөлісті. Мұхтарбек Кәрімовтің баяндамасы қатысушыларға жастығын жаудың оғы жаралаған жандардың өмір тарихы мен ерлік жолына тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.

 

 

Келесі кезекте «Жүректегі патриоттық сезім» тақырыбымен үздік өлеңдер байқауы өтті. Бұл байқауға студенттер өздерінің соғыс және патриотизм тақырыбына арналған өлеңдерін оқыды. Байқау барысында шығармашыл жастардың таланты қазылар алқасы тарапынан бағаланып, нәтижесінде, 1 орынды БУФ2401 тобының студенті Нұрай Аманбекова, 2 орынды ЭМ-201 тобының студенті Әділет Серікқалиев, ал 3 орынды ЭМ-201 тобының студенті Светлана Улагашева иеленді. Байқау қатысушыларының барлығы Алғыс хаттармен марапатталды.

 

 

Сонымен қатар, қатысушылар назарына «Батырларды еске алу» бейне-презентациясы ұсынылды. Бұл презентацияда соғыс жылдарындағы батырлардың суреттері, олардың ерліктері мен естеліктері көрсетілді. Видео-презентация батырлардың өмірі мен олардың ел үшін жасаған еңбектерін еске түсірді.