25–28 мамыр аралығында Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде инклюзивті білім беру саласындағы өзара тәжірибе алмасу және арнайы педагогика бағытында білікті кадрлар даярлау мәселелеріне арналған ауқымды іс-шара өтті.
Осы ретте М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Шәкәрім университеті арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум шеңберінде бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Кездесудің негізгі мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды қолдауға бағытталған білім беру жүйесін жетілдіру, арнайы педагогика саласындағы тәжірибелермен танысу, сондай-ақ, осы салада білікті мамандар даярлау тетіктерін бірлесе қарастыру болды.
Маңызды басқосуға Шәкәрім университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бейімбет Дәрібаев қатысуда.
Басқосу барысында тараптар төмендегідей бағыттарда кеңінен пікір алмасты:
- ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларға арналған академиялық бағдарламаларды дамыту;
- арнайы педагогика, дефектология, логопедия және психологиялық-педагогикалық қолдау салалары бойынша кәсіби мамандар даярлаудың жолдаы;
- оқу бағдарламаларын жаңғырту, оның ішінде инклюзивті білім беруді қолдауға бағытталған инновациялық әдістер мен цифрлық шешімдерді енгізу.
Әуезов университетінің оқытушылары мен зерттеушілері инклюзивті оқыту тәжірибесін енгізудің тиімді үлгілерін, жаңа педагогикалық құралдар мен технологияларды, сондай-ақ білім алушылардың ерекшеліктерін ескере отырып, бейімделген оқу бағдарламаларын әзірлеу тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, жиын аясында өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған нақты қадамдар да белгіленді. Атап айтқанда, Шәкәрім университетінің оқытушылары М. Әуезов атындағы университет базасында арнайы ұйымдастырылған біліктілік арттыру курстарынан өту мүмкіндігіне ие болады. Бұл қадам білім беру сапасын арттыруға және арнайы педагогика саласында кәсіби деңгейі жоғары мамандардың санын көбейтуге бағытталған.
Іс-шараға қатысушылар инклюзивті білім беру мәселесінің маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың тек жоғары оқу орындары шеңберінде ғана емес, бүкіл қоғам деңгейінде жүйелі түрде жүргізілуі қажеттігін айтты.
Аталған іс-шара инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешуде университеттердің маңызды рөл атқаратынын және білім беру жүйесінде тең мүмкіндіктер қағидатын қамтамасыз ету бағытында нақты іс-шаралар қолға алынғанын көрсетті.