Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі28 мамыр 2025лаборатория

Жаңа зертханалардың ашылуы – ғылыми-инженерлік әлеуетті арттыруға бағытталған қадам

Shakarim University – еліміздегі ғылыми-зерттеу бағытында және сапалы білім беру саласында маңызды рөл атқаратын жетекші оқу орындарының бірі. Соңғы жылдары университет өз білім беру және ғылыми инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның айқын көрінісі ретінде Жасанды интеллект және құрылыс жоғары мектебінің құрылыс және геодезия кафедрасында екі жаңа зертхананың – Геотехникалық зертхана және Құрылыс материалдары зертханасының  іске қосылуын атауға болады. Бұл зертханалардың ашылуы құрылыс саласында сапалы мамандар дайындау және еліміздің ғылыми-инженерлік әлеуетін көтеру бағытында нақты қадам болып табылады.

 

 

Геотехникалық зертхананың маңызы мен ерекшелігі

Геотехникалық зертхана заманауи «Геотек» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының (НПП) озық құрылғыларымен жабдықталған. Бұл құралдар жер қыртысын физикалық және механикалық тұрғыдан кешенді зерттеуге мүмкіндік береді. Зертхананың басты міндеті – құрылыстың іргетасын жобалау кезінде топырақтың беріктігі, деформациясы және физикалық-механикалық қасиеттерін анықтау. Мұндай зерттеулер құрылыстың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі болып табылады.

 

 

Құрылыс және геодезия кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Ілияс Жұмаділов зертхананың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол:

«Геотехникалық зертхана инженерлік ізденістер үшін аса қажет. Өйткені ол құрылыс алаңындағы топырақтың қасиеттерін дәл анықтауға және жобалау мен ғимарат салу үшін дұрыс шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Біз физикалық қасиеттері мен механикалық сипаттамаларын анықтау үшін топырақты зерттейміз: оның тығыздығын, ылғалдылығын, кеуектілігін, өткізгіштігін, сонымен қатар оның гранулометриялық құрамын анықтаймыз.  Бізде бар құрылғылар жобалаушы сәулетшіге жер қабатының сипаттамасын толық әрі дәл ұсынуға мүмкіндік береді. Осы ақпарат негізінде сәулетші құрылыс іргетасының түрін шешеді» -дейді.

 

 

Бұл зертхана құрылыс жобаларын жоспарлау мен жүзеге асыру барысында маңызды ғылыми базаны қалыптастырып, саланың кәсіби деңгейін көтеруге септігін тигізеді.

 

Құрылыс материалдары зертханасының мүмкіндіктері

Екінші зертхана – Құрылыс материалдары зертханасы бетон, цемент және басқа да құрылыс материалдарына кешенді сынақтар жүргізуге арналған. Мұндағы бумен пісіру әмбебап камерасы,  материалдарды 350 °C дейінгі температурада термиялық өңдеуге арналған зертханалық электр пеші, цемент қоспасының қалыпты тығыздығы мен орнату уақытын анықтау үшін қолданылатын жабдық, үлгілерді жоғары температурада өңдеу үшін қолданылатын муфельді пеш  т.б. қолда бар жоғары технологиялық құрылғылар сынақтардың көптеген түрін аса дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді. КП-109 елек анализаторы сынды автоматтандырылған жүйелерді пайдалану зерттеудің тиімділігі мен дәлдігін арттырады.  Бұл құрылғылардың көмегімен құрылыс материалдарының сапасы мен беріктігіне қатысты түрлі сынақтар жоғары дәлдікпен өткізіледі.

 

 

Зертханалардың білім беру процесіндегі рөлі

Құрылыс материалдары зертханасы «Құрылыс» білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді даярлауда шешуші рөл атқарады. Заманауи жабдықтар студенттерге құрылыс материалдарын сынау, алынған деректерді талдау және сапасын бағалау бойынша практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл тәжірибелік білім құрылыс саласында бәсекеге қабілетті, кәсіби мамандар дайындауға жол ашады.

 

Университеттің ректоры Думан Орынбеков жаңа зертханалардың символикалық тетігін басу арқылы ресми түрде іске қосып, бұл шараны сөзден іске көшудің нақты қадамы ретінде бағалады. Ректор кафедраның ғылыми-оқыту жұмыстарына жоғары баға беріп, жаңа зертханалар университеттің ғылыми-инженерлік әлеуетін одан әрі арттыратынын атап өтті.

 

 

Екі зертхана оқу процесінде ғана емес, сонымен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарында да кеңінен қолданылады. Олар студенттердің дипломдық жобалары мен лабораториялық жұмыстарын сапалы орындау үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, зертханалар құрылыс саласындағы өзекті ғылыми мәселелерді зерттеуге мүмкіндік туғызады.

 

 

Жаңа зертханалардың ашылуы Shakarim University-дің білім беру мен ғылымды біріктіріп, студенттерге және зерттеушілерге жоғары сапалы, заманауи жағдайларды ұсыну бағытындағы маңызды қадамы болып табылады. Бұл құрылыс саласындағы білікті мамандарды дайындау деңгейін көтеріп қана қоймай, еліміздің құрылыс индустриясының ғылыми және техникалық әлеуетін нығайтуға да септігін тигізеді. Университеттің осындай заманауи зертханалық базасы болашақ құрылысшылар мен инженерлердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыратын және олардың ғылыми-зерттеу қабілеттерін жетілдіретіні анық.