Семейдің Шәкәрім атындағы университетінің 90 жылдық мерейтойына орай ҚР Мәдениет саласының үздігі, университеттің Өнер кафедрасының оқытушысы Қайрат Қабышев «Толассыз 100 ән шырқалады» атты ән кешін өткізді. Білім ордасының торқалы тойына арналған бұл кеш – Гиннестің рекордтар кітабына енуге жолдама концерт.
Университеттің стратегия және әлеуметтік қолдау жөніндегі проректоры Мерей Шаменов кеш шымылдығын ашып, тамашаға жиналған көрерменге іс-шараның маңызын түсіндіріп өтті.
Абай мен Шәкәрім әндерімен басталған кеште халық әндері, сондай-ақ, Қазтуған, Мәди, Кенен, Біржан, Естай, Байғабыл т.б. халық кoмпoзитoрларының әндері, сонымен қатар, М. Дулатов сөзін жазған "Алаш маршы" шырқалды. Кеш барысында Қайрат Арқашұлы тізімге енгізілген 100 әннің кез-келгенін көрермендер сұрауы бойынша шырқап, әнсүйер қауымның құлақ құрышын қандырды.
Өңірімізде бұрын-соңды болмаған ерекше кеште кеудесінен ән төгілген әнші әнді сүюдің озық үлгісін көрсетті. Әр әнді орындамас бұрын оның тарихына тоқталып, халқымыздың ғасырлар көшінде шаң баспаған ән мұрасын жарқырата ұсынды.
Халқымыздың ежелден қалыптасқан: Батыс, Арқа, Жетісу, Сыр бойы, Алтай-Тарбағатай сынды бес әншілік мектебін қатар меңгерген кең тынысты әнші мерейтойға арналған тосын тартуын семейлік ақын Жұлдызай Ысқақтың сөзіне жазылған «Шығыста Семей деген бір қала бар» деген авторлық әнімен түйіндеді.