Шәкәрім университетінде жаңаша форматта дәстүрлі «Студенттік ұйымдар жәрмеңкесі» өтті. Жәрмеңкеге 1000-нан астам бірінші курс студенттері мен шәкәрімдік белсенділер қатысты.
Жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындарында Студенттік ұйымдардың жәрмеңкесі өткізіледі. Білім алушылар өздеріне ұнайтын ұйымға кіру арқылы, сабақтан тыс уақыттарында шығармашылық өнерлерін шыңдай алады. Сонымен бірге, әлеуметтік «Soft skills» ,яғни, университет білім алушыларын қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы қоғамға қызмет жасау, мансапты жоспарлау, өзін-өзі дамыту, көшбасшылық, ортамен қызмет жасау сынды икемді дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Студенттік ұйымдардың жәрмеңкесі бірінші курс студенттеріне университетте қандай бірлестіктер бар екенін және олардың қандай жұмыс атқаратындығын көрсетті. Аумақ тақырыптық алаңдарға бөлінді, бұл жерде белсенділер фестивальдің бірінші курс студенттері мен қонақтарына студенттік бірлестік жұмысының әртүрлі бағыттары жайлы толық мағлұмат берді,- деді Шәкәрім университетінің студенті, Студенттік Парламент спикері Мерей Сырымұлы.
Қазіргі таңда Шәкәрім шаңырағында 8 студенттік ұйым, 2 үйірме, 4 клуб, 2 лига жұмыс жасайды. Кез келген ұйымның құрамына дәл осы жәрмеңке күні немесе басқа күндері де кіруге болады.
Аталған жиын жаңа, қызықты студенттік жылды ашады. Ұмытылмас естеліктер, баға жетпес тәжірибе және жаңа достар – бұл мыңдаған ұлдар мен қыздардың студенттік кезеңдерінің жаңа парағы.