Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі14 қараша 2024мүшәйра

ЖАС АҚЫНДАР ҰЛТ БОЛАШАҒЫН ЖЫРЛАДЫ

Шәкәрім университетінің 90 жылдық торқалы тойына орай "Ұлт болашағы - жастардың қолында" тақырыбымен республикалық жас ақындар мүшәйрасы өткізілді.

Университеттің стратегия және әлеуметтік қолдау жөніндегі проректоры Мерей Шаменов ақындар аламанын алғысөзбен ашып, сөз сайысына түскелі тұрған ақындарға сәттілік тіледі.

Жыр бәйгесіне Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облысының жоғары оқу орындары мен колледждерінен 24 жас ақын қатысып, Отан, Тәуелсіздік, туған жер жайлы толғаныстарын өлеңмен өріп, жырсүйер қауымға жігерлі жырларын ұсынды. Жас ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздеріне ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дәметкен Омарбаева, филология ғылымдарының  PhD, ақын Қарлығаш Әубәкір, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Мерей Қарт, «Асыл домбыра-2023» иегері Айбек Жеңісқазиндер қазылық етті.

Жыр додасының қорытындысында 3-орын  Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенттері – Бақдәулет Төлеухан мен Бексұлтан Қайдаровқа және  Шәкәрім университетінің студенті Тұрарбек Мерейге берілді.  2 орынды Рамазан Дәуренбекұлы (Ә. Марғұлан атындағы Павлодар ПУ) мен Мирас Слаймшайхұлы (Шәкәрім университеті) бөлісті. 1 орынды Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Бекарыс Секенов еншілесе, Бас жүлдеге Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті  Есенкелді Жәнібек лайық деп танылды.

Жеңімпаздар Дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлық сертификаттары табыс етілді. 

Осынау жыр мүшәйрасына көзінен от, жүрегінен жыр төгілген жастарды баптап, бәйгеге қосқан Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің басшылығына Семейдің Шәкәрім атындағы университеті ректорының Алғыс хаты жолданды.