Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі30 қазан 2024студент

ЖАТ АҒЫМНАН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫН ТҮСІНДІРДІ

Shakarim University-дің Әлеуметтік даму және жастарды қолдау орталығы дін саясаты тұжырымдамасының басты бағыттарын негізге ала отырып, бірінші курс студенттеріне Абай облысы Дін істері басқармасының теологы Мақсат Ботахановпен кездесу ұйымдастырды.

Ислам діні – барша адамзат баласын имандылыққа шақыратын дiн. Ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы дәстүрлі дінді ұстанып, бейбiт өмір сүрiп келгенін, қазақ даласында дiни алауыздықтың болмағанын жақсы білеміз. Бір өкініштісі, қазіргі уақытта Ислам атын жамылған түрлі ағымдар елімізді іштен іріту жолында  белсенді жұмыс істеп жатқаны да жасырып-жабатын жайт емес.

Кездесуде Махсат Ботаханов  жастардың жат ағым жетегінде кетуінің себептерін, оның салдары қандай болатынын,  көбіне қатарларына жас буынды тартуды мақсат ететін теріс ағымдардан қоғамға, мемлекетке төнетін қауіп, еліміздің болашағы саналатын жастарымыздың санасын улап жатқан деструктивті ағымдардан сақтану жолдары жайлы кеңінен түсіндірді.

Кешеге дейін бір дінді, бір мәзһабты ұстанып келген киіз туырлықты қазақтың сеніміне селкеу түсіріп, бөлшектегісі келетін теріс пиғылды ағымдардың шырмауына түскендердің тағдыры жайлы деректі фильм көрсетілді.

 Кездесу өскелең ұрпақ ең алдымен өз халқының тілін, дінін, салт-дәстүрін, тарихын, ұлттық құндылықтарын қастерлей білсе, тамырынан ажырамайды, теріс ағымға түспейді деп түйінделді.