Shakarim University №1 Студенттер үйінің 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемеген жеделсатылары жуырда іске қосылып, студенттерді қуанышқа бөледі.
1989 жылы Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтының жатақханасы ретінде пайдалануға берілген көпқабатты ғимараттың тұрғындары бірнеше жылдан кейін-ақ жеделсатының игілігін көруден қалған. Экономикалық тоқырауға тап болған 90-шы жылдар еліміздің оқу орындарына да оңай соқпаған болатын. Сол уақытта жеделсатының жекелеген қосалқы бөлшектерін ауыстыруды оқу орны түгілі, қала бюджетінің де көтере алмағаны белгілі... Содан бері қарай да бірнеше ондаған жылдар өткенімен, қаңтарылып тұрған үш жеделсатыны жөндете қоярлық мүмкіндік болмаған сыңайлы.
Shakarim University-дің 90 жылдық мерейтойына орай қаражат қарастырылып, 9 қабатты ғимараттың жеделсатыларын жөндету былтыр қолға алынған болатын. Елімізде лифт жабдықтарын шығаратын үш кәсіпорын ғана барын ескерсек, жеделсатыларды орнату, олардың қызметі, монтаждау жұмыстарының да арзан емес екенін бағамдауға болады.
Білім алушы жастар оқуда жақсы нәтижеге қол жеткізуі үшін алдымен олардың жағдайын жасап, жайлы орын ұсыну керек-ақ. Осылайша, студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасау арқылы олардың оқу процесіндегі жетістіктерін арттыру – басты мақсат.
Суретте: жеделсатының жөнделгенге дейінгі және жөнделгеннен кейінгі көрінісі