Шәкәрім университетінің «ЖасStar» коворкинг орталығында филология ғылымдарының PhD докторы Қарлығаш Әубәкірдің «Әдебиет және метаморфоза» тақырыбындағы ашық дәрісі өтті. ««Метаморфоза» – өзгеріс деген сөз. Демек, бүгінгі дәрісіміз адам жанының өзгерісі жайында болмақ» - деп сөз бастаған ғалым әдебиеттегі жан мен тән арақатынасы, сезім иірімдері, көңіл-күй реңі жайында ой өрбітті.
Қ.Әубәкірдің өзі бұл жөнінде: «Былтыр Малайзияда Мона ұстазым: «Адамның азу (азғындау) процесі «ұят болады» деп өздігінен ешқашан тоқтамайды. Сондықтан, адами болмыстарыңызға және жас ұрпаққа ие болыңыздар» деген еді. Бұл сөздің әсері әлі де жүрек төрінде тұр. Адам күндіз-түні өз жүрегіне үңілуі керек. Әркім шамасы жеткенше адалдық пен адамдық жолын насихат қылып, ғұмырбағдарына айналдырса деймін. Бір тілекті, осындай ашық дәріс, әдеби кешті ұйымдастырған жандарға шын жүректен көңіл ризалығымды білдіремін. Бұл кездесу – ешбір ережесіз, қатаң қағидасыз, жай ғана адамдар жақсы сөз тыңдап, бір-бірімен араласып, кітап оқып, рухани-интеллектуалды орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды» - дейді.
Іс-шара барысында ғалым метаморфозаның әдебиеттегі мағынасын тереңінен түсіндіріп, оның адам психологиясындағы өзгерістермен, жан дүниесіндегі толқулармен тығыз байланысын атап өтті.
Қазіргі кезде өзгенің өмірін өзгертуге өзінше «үлес қосуға» тырысып, әр сабағымды сатып ал деп өзеурейтін коучтар мен психологтар көбейгені белгілі. «Ойыңды өзгерт те өміріңді өзгерт», «Өміріңе жоспар құрып, күнделікті бір қадам жаса» деген тақырыппен әлеуметтік желіде сабақ өткізетін мотиваторлардың осындай сабақтарына қыруар ақша төлеп қатысып жүргендер де аз емес. Дегенмен, дала данышпандары Абай да, Шәкәрім де мұны өз заманында айтып кеткен. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады,
Әдетің – мінезіңе айналады.
Мінезің – сенің тағдырың, - десе, Абай он жетінші қара сөзінде адамның бірыңғай жақсы қасиеттерін – ақыл, қайрат, жүрек үшеуін өзара айтыстырып, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, адалдық пен зұлымдықтың, білімділік пен надандықтың ара жігін ашып, дәлелдеп ұсынады.
Жалпы, қатайған жүректі жібітіп, ерік-жігеріңді сілкіп, рухыңды оятатын, ақылыңа ақыл, мінезіңе мінез қосатын, қиялыңды шарықтатып, арман-мұраттарға жетелейтін – әдебиет. Ол – тәрбиенің қуатты құралы.
Осы ретте Қарлығаш Әубәкір әртүрлі шығармалардан алынған мысалдар арқылы метаморфозаның әдебиеттегі түрлі қырларын көрсетіп, оның адамның ішкі әлемін ашуда маңызды рөл атқаратынын түсіндірді. Сонымен қатар, қатысушы оқытушылар да өскелең ұрпақ жүрегіне ізгіліктің дәнегін егудегі көркем әдебиеттің рөлін баса айтып, әдебиет пен адамның жан дүниесі арасындағы байланыстың маңыздылығын атап өтті.