Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі17 маусым 2024дөңгелек үстел, халықаралық мерейтой

ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫНЫҢ 220 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН SHAKARIM UNIVERSITY ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯМЕН БАСТАДЫ

Бүгін Shakarim University Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойына арналған «Құнанбай Өскенбайұлы: тұлға, тарих, феномен» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференция жұмысына Құнанбай әулетінің ұрпақтары, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінен, сондай-ақ, қазақ жерінің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен сарапшылар, ЖОО басшылары, Абай облысы әкімдігі, зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, абайтанушы ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, жазушы, қоғам қайраткері Сапаралы Бейбіт, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Сыдықов Ерлан, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тілеп Болат, Абай облысы Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев, Абай ауданы әкімі Смағұлов Мейіржан және т.б. қатысты.

Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзімен басталды. Бұл маңызды іс-шараның университеттің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің маңызы зор. Өйткені, бүгінде ЖОО-ның ғалымдары Шығыс өңірінің, Құнанбай әулетінің рухтаңбасына айналған Абай, Мұхтар, Шәкәрім есімдеріне қатысты зерттеу жүргізуде. Сондай-ақ, «Иманигүл», «Толық адам» философиялық ой-тұжырымдарын тәпсірлейтін, моральдық-этикалық нормаларын насихат ететін “Абай әлемі” пәні барлық студенттерге оқытылады. Бұл пәннің модульдық бағдарламасында Құнанбай Өскенбайұлының өмірі, қайраткерлік қызметі, Абай шығармашылығына әсері сынды мағыналы тұстары жас шәкірттердің санасына әке мен бала, ұстаз бен шәкірт, ел мен ер қатынастарының мысалы негізінде түсіндіріледі.

Пленарлық мәжілісте филология ғылымдарының докторы, профессор Еспенбетов Арап «Құнанбай – тарихи тұлға», абайтанушы, алаштанушы, әуезовтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұртбай Тұрсын «Құнанбай: тарихи және көркемдік шындық», Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры, орта Азия елдеріндегі жәдид қозғалысын зерттеген ғалым Сомунжуоғлы Түмен «Құнанбай және оның дәуірі», қазақ әдебиетіндегі ислам дүниетанымы және шығыс философиясын зерттеген ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей «Абай мектебі: шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» тақырыбында баяндама жасады.

Халықаралық жиын барысында Иран топырағында дүниеге келіп, қазіргі таңда атамекені Тұран жері, Алматы төрінен орын алған, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен келген ғалым Ислам Жеменейдің «АБАЙ МЕКТЕБІ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ТАРИХЫ МЕН ӘДЕБИЕТІНДЕГІ САНА-СЕЗІМ ЖЕТЕКШІЛЕРІ» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейге Шәкәрім университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Бұл абыройлы атақ – қазақ әдебиетіне, оның ішінде Абай, Шәкәрім шығармашылығының және түркі халықтар әдебиеті тарихының зерттелуіне қосқан сүбелі үлесінің мәуелі жемісі.

Президент Қ. Тоқаев «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол - Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады» - деп айрықша назар аудартты. Бас қосуда зиялы қауым өкілдері ұрпақтар сабақтастығының озық үлгісін дарытқан Құнанбай қажы әулетінің тектілігін, хәкім Ибраһим Қазақ Еліне қандай қадірлі болса, әкесі Құнанбай Өскенбайұлының да сондай барша түркі халқына атақты тұлға екендігін баса айтты.

Аға сұлтанның 220 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музейінде жалғасын тапты.