Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі24 қаңтар 2022

УНИВЕРСИТЕТТЕ ҚЫСҚЫ МЕКТЕП АЯҚТАЛДЫ

2022 жылдың 17-21 қаңтар аралығында Шәкәрім университетінде "VUCA әлемі контекстінде студентке бағытталған оқыту: жаңа басымдықтар"атты қысқы мектеп өткізілді.
 
Бірінші академиялық күн оқыту шеберлігін жетілдіруге және оқытудың заманауи әдістерін қолдануға бағытталды.
 
Қатысушылар барлық семинарларға қатысу үшін төрт топқа бөлінді, бұл тыңдаушылардың барынша көп санын қамтуға мүмкіндік берді. Тыңдаушылар саны 109 оқытушыны құрады. 
 
"Интерактивті әрекеттесудің сандық құралдары: Edpuzzle, тестілеу және Google Forms арқылы сауалнама жүргізу, MyQuiz – нақты уақыттағы викторина" тақырыбындағы Семинар оқу материалын байыту және білім алушылардың белсенділігін арттыру үшін түрлі интернет-сервистерді қолдану дағдыларын жақсартуға ықпал етті.
 
"Білім беру бағдарламалары мен силлабустарды қалыптастырудағы жаңашылдықтар" тақырыбындағы семинарға ББ менеджерлері мен кафедра өкілдері қатысты. Олар ECTS талаптарына сәйкес ББ қалыптастыру ерекшеліктерімен танысып, бағдарламаларға енгізілген өзгерістер туралы толыққанды жауап алды.
 
Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау бойынша тәжірибе алмасу мақсатында мектеп өкілдері мен ПШО әдіскерлері аталмыш семинарларға шақырылды. "Білім алушылардың оқу нәтижелері мен жеке жетістіктерін критериалды бағалау жүйелері" және "Бағалаудың тиімді әдістері" тақырыптарында семинарлар өткізді. Сондай-ақ, зерттеуші-мұғалімдер бағалау үшін қолданылатын бақылау-өлшеу материалдарының объективтілігіне, валидтілігіне және сенімділігіне ерекше назар аударып, критериалды бағалау бойынша мысалдар келтірді.
 
Екінші күн ғылымға арналды.
 
Ғылым департаменті профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін арттыру үшін бірқатар семинарлар ұйымдастырды.
 
"Web of Science, Scopus, Publons, ORCID базалары ғалымның ғылыми профилін басқару құралы ретінде" семинары қатысушыларды ғылыми сервистермен,  Web of Science және Scopus базаларының өзекті статистикалық деректерімен таныстырды.
 
"Техникалық және аграрлық бағыттар үшін ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға өтінімдерді дайындау кезіндегі негізгі сәттер" тақырыбындағы семинарда қатысушылар бюджетті бөлу проблемалары, салықтарды есептеу тәсілдері және өтінімдерді дайындау кезіндегі негізгі қиындықтар туралы білді.
 
"Ғылыми жоба: идеядан іске асыруға дейін" семинары тыңдаушыларға университеттің ғылыми жобаларының қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді.
 
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нен шақырылған спикер, PhD, Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафедрасының аға оқытушысы А.Б. Мейркулова университетіміздің магистранттары мен докторанттарына арналған "Ғылыми зерттеулер жүргізудің мәдениеті мен этикасы" атты семинар өткізді. Семинарда ғылыми шығармашылық мәселелері, зерттеулерді жүргізудің нормалары мен кодекстері, халықаралық стандарттар, ғылыми зерттеулер нәтижелерінің дәлелділігі мен статистикасы қағидаттары қаралды. 
 
Қысқы мектептің үшінші күні тәрбие үдерісіне арналды.
 
 "Жоғары білім беру жүйесіндегі мамандардың кәсіби тәрбиесін қалыптастырудағы білім беру кеңістігінің рөлі", "Академиялық топ кураторы қызметінің педагогикалық негіздері", "Тәрбие психологиясының өзекті мәселелері" және "Дәстүрлі емес діни ағымдардың жастар идеологиясына теріс әсері" тақырыптарында семинарлар ұйымдастырылды. 
 
Сонымен қатар семинарда Жұмыс берушілер кеңесі өтті. Оның мақсаты мамандарды даярлау сапасын арттыру болып табылады. Кездесуге қала мен өңірдің 40-тан астам жұмыс берушілері, факультет декандары, кафедра меңгерушілері және білім беру бағдарламаларының менеджерлері қатысты. Өңірлік еңбек нарығы мен жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, 2022-2023 оқу жылына арналған білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруге ерекше назар аударылды.
 
Аталмыш мектептің төртінші күнінде "Педагогикалық бағыттың білім беру бағдарламалары: білім алушылардың құзыреті және білімді бағалау критерийі" семинарына педагогикалық бағыттың ББ менеджерлері қатысты. Семинар үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, педагогикалық білім берудің жаңа ұлттық бағдарламаларын әзірлеуге бағытталды.  Бірінші бөлімде "Жаңа ББ қандай элементтерді қамтуы тиіс?", "Жаңа ББ қалыптастыру кезінде нені ескеру қажет?", "Алынған құзыреттерді бағалаудың қандай түрлерін анықтауға болады?" және т.б. сынды сұрақтар қаралды.Екінші бөлім ҚР БжҒМ қолдауымен жүзеге асырылып жатқан "Педагогикалық білім беру әлеуетін арттыру" жобасы бойынша тәжірибені таратуға арналды.
 
Халықаралық ынтымақтастық дағдыларын дамыту және бағдарламалар мен интернационализация жобаларына қатысу мақсатында "Жоғары білімді интернационалдандыру контекстіндегі аймақтық университеттің халықаралық ынтымақтастығы" семинары ұйымдастырылды. Семинарда мәдениетаралық коммуникация, халықаралық қосдипломды бағдарламаларды құру және имплементациялау,  академиялық ұтқырлықтың алмасуын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
 
Сонымен қоса "EduQuiz" зияткерлік ойыны өтті, оның негізгі мақсаты нормативтік құжаттар мен жоғары білім жаңалықтары негізінде факультеттер арасында  бәсекелестікті дамыту болып табылады. Ойын барысында жоғары білім туралы Нормативтік құқықтық актілер, университеттің ішкі нормативтік құжаттары, эвристикалық ойлауды анықтауға арналған логикалық тапсырмалар, университеттің күнделікті қызметінде туындайтын ситуациялық тапсырмалар және әлемге әйгілі өнер, ғылым және мәдениет туындылары бойынша сұрақтар қойылды. "EduQuiz" зияткерлік ойынының қорытындысы бойынша Гуманитарлық – экономика факультеті 1-орынды, Инженерлік – технологиялық факультеті мен Филология факультеті 2-орынды, Ветеринария және агроменеджмент факультеті және Жаратылыстану – математика факультеті 3-орынды иеленді.
 
Қысқы мектептің соңғы күні факультеттерде өтті.
Қысқы мектептің жабылу рәсімі Академиялық кеңестің отырысы аясында өткізілді.  Аталған семинарлардың нәтижелері бойынша  ұсыныстар айтылды.
 

Білім беру үрдісін ұйымдастыру департаменті