Шәкәрім университеті мен Анкараның әлеуметтік ғылымдар университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры профессор, Dr. Musa Kazım Arıcan Қазақстан Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Shakarim University-ге арнайы келді.
Сапар барысында Dr. Musa Kazım Arıcan Шәкәрім университеті өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, түркі халықтарының рухани және мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау, филология және педагогика салаларында мамандар даярлау бағыттарында ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқылады.
Академиялық және студенттік алмасу мәселелеріне, сондай-ақ қазақ-түркі халықтарының рухани құндылықтарын насихаттауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Кездесу нәтижесінде Шәкәрім университеті мен Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат екіжақты серіктестікті нығайтуды, ғылыми-зерттеу және ағартушылық бастамаларды қолдауды, сондай-ақ, Түркі әлемінің мәдени бірлігін нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Тараптар Меморандумға қол қою университеттер арасындағы рухани байланысты күшейту және өзара іс-қимылды кеңейту жолындағы маңызды қадам екеніне сенім білдірді. Бұл келісім халықаралық деңгейде жоғары оқу орындарын дәріптеу бағытындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді.
