Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 қыркүйек 2025форум

«Бір белдеу, бір жол». Білім мен ынтымақтастықтың 10 жылы

Қытай Халық Республикасында Ланьчжоу университетінің  ұйымдастыруымен «Бір белдеу, бір жол» университеттер альянсының 10 жылдығына арналған форум өтіп жатыр. Форумда әлем елдерінен келген ондаған жоғары оқу орындарының өкілдері бас қосып, жаһандық сын-қатерлер мен цифрлық трансформация жағдайындағы жоғары білімнің болашағы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

 

Әлемнің ондаған  жоғары оқу орындарының өкілдері бас қосқан айтулы жиынға Shakarim University Интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай қатысуда.

 

Қытай Халық Республикасында өтіп жатқан жоғары білім беру мекемелері Альянсының 10 жылдығына арналған форумда қабылданған Жібек жолы (Дуньхуан) консенсусы – бұл жаңа дәуірдегі жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды құжат. Консенсус мазмұны қазіргі әлемнің күрделі жаһандық үдерістері мен білім саласындағы серпінді өзгерістерге жауап ретінде ұсынылды.

 

Халықаралық форумның «Жасанды интеллект негізінде жоғары білімді және мәдени мұраны жаңғырту» сессиясында Ерасыл Дулатбай «Мәдени мұраны сақтау және жаңғырту» тақырыбында баяндама жасап, заманауи технологиялардың мәдени мұраны қорғау мен дамытудағы рөліне ерекше тоқталды. Ол цифрлық технологияларды пайдалана отырып, мәдениеттер арасындағы байланыстарды нығайту мүмкіндігін де атап өтті. 

Сессия қатысушылары мәдени мұраны қорғаудағы жаңа технологиялардың әлеуеті  жайлы  тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салды.

 

Сонымен, Консенсус аясында университеттер мынадай бағыттар бойынша терең ынтымақтастықты жолға қоюға уағдаласты: цифрлық білім беру, жасанды интеллект пен озық технологиялар, маман даярлау.  Яғни, қашықтықтан оқыту, онлайн платформалар және дербестендірілген оқу жүйелерін дамыту;  зерттеу әлеуетін арттыру; заманауи еңбек нарығына бейімделген, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті, көп тілді мамандарды даярлау.

 

Жібек жолы консенсусы – бұл жай ғана келісім емес, ол – болашақтың білім кеңістігін бірге құруға бағытталған халықаралық серіктестіктің жаңа парағы. Әлем елдерінің жоғары оқу орындары бірігіп, қазіргі заманның күрделі сын-қатерлеріне жауап беруге, бір-бірінен үйренуге және адамзаттың ортақ игілігі үшін білім арқылы дәнекер болуға бекем бел буып отыр.

Бұл – Шығыс пен Батысты жалғайтын, Жібек жолының жаңа дәуіріндегі ағартушылық, бейбітшілік, өркендеу және тұрақты даму жолындағы тарихи қадам.

 

Халықаралық форумда –  Абай мен Шәкәрімнің рухани мұрасы   

 

Ерасыл Дулатбай Альянс университеттерінің 10 жылдығына арналған ынтымақтастық форумы аясында «Мәдени мұраны сақтау және дамыту: Абай мен Шәкәрімнің рухани мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, қазақ ойшылдары еңбегінің әлемдік өркениеттегі маңызына тоқталды.

 

Ол екі ойшылдың да өз заманының әлеуметтік келеңсіздіктерін сынға алып, білім мен ғылымға үндегенін, халықты ояту жолында күресіп, ұлттық бірегейлік пен рухани жаңғырудың негізін қалағанын, Абай да, Шәкәрім де адамгершілік, әділеттілік және ар ілімін басты құндылық деп танығанын атап өтті.

 

«Абай мен Шәкәрім – тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани шыңы. Олар өз заманының ғана емес, болашақтың да шамшырағы. Олардың ой-толғамдары мен кемеңгерлік көзқарастары ұлттық болмыстың қалыптасуына әсер етіп қана қоймай, Шығыс пен Батыс өркениеттерінің арасындағы алтын көпірге айналды.

Қытай данышпаны Конфуций: «"Нағыз білім өзіңнің білмейтініңді мойындаудан басталады» десе, Шәкәрім: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді» дейді. Ұлы адамдардың бұл нақылдары өткеннің тәжірибесін бүгінгі жаңалықтармен ұштастыра отырып, болашаққа сенімді қадам басу қажеттігін есімізге салады»- деді Ерасыл Алтайұлы.

 

Иә, Шығыстың діни-рухани мұрасын, ислам ғылымын және Батыс философиясын өзара тоғыстыра отырып, жаһандық деңгейдегі ойшылдыққа жол ашқан Абай мен Шәкәрімнің рухани мұрасы – бүгінгі буын үшін сарқылмас шабыт, адастырмас темірқазық екені анық.