Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі27 мамыр 2025форум

Думан Орынбеков: ««Толық адам» ілімі қоғам сұранысына және БҰҰ-ның «Тұрақты даму мақсаттарына» лайық мәдени кодты да, болашақтың бағдарын да айқындайды»

Шәкәрім университетінде өткен «Абайдың Толық адам ілімі: Ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» Республикалық жастар форумы ректор Думан Орынбековтің мазмұнды баяндамасымен ашылды. Оның үндеуінде философия, білім және жауапкершілік біртұтас дамудың негізіне айналуы тиіс екені нақты айтылып, форумға тұтас бағыт берген тұжырым болды.

 

 

Ректор Абай жерінде негізі қаланып, Шәкәрім есімін еншілеген университеттің бейтарап құрылым бола алмайтынын атап өтті. Бұл – дәстүр рухани тірекке айналған, білім – жауапкершілікпен, ал ғылым – адамгершілік тереңдігімен байланысқан орта. Мұндай үлгі әсіресе аймақтарда, елдің зияткерлік және рухани әлеуеті қалыптасатын өңірлерде аса маңызды.

 

 

«Толық адам ілімі – жай ұран емес. Бұл – ішкі жауапкершіліктен басталатын еңбек. Ой, әрекет, ұстаным – міне, сенім артуға болатын тұлғаның негізі осыларда. Қоғамды декларациялар емес, азаматтардың ішкі жан дүниесі тұрақты етеді», – деді ректор.

 

 

Сонымен қатар, Думан Орынбеков қазіргі университеттің басты миссиясы туралы айтып өтті: ол – тек қана білім беретін емес, тұлға тәрбиелейтін ортаға айналу. Мұнда құндылықтар үйрету арқылы таңылмайды, өмір сүру салтына айналады. Бұл жағдайда даму мәннен ажырамайды, ал сапалы білім – студент пен оқытушының кемелдігімен өлшенеді.

 

 

Ректор ұсынған негізгі бағыттар:

- Университет базасында Абай мен Шәкәрім атындағы ««Толық адам» философиясы мен этикасы» орталығын құру;

-«Абай – Шәкәрім – бүгінгі күн» атты пәнаралық білім беру модулін енгізу;

- «Жас тұлға» гранттық бағдарламасын іске қосу;

- «Өзгерістер дәуіріндегі кемел тұлға» халықаралық симпозиумын өткізу;

- Жастар өз зерттеулерімен, жобаларымен, шығармашылық жұмысымен бөлісе       алатын «Жас Абай жолы» цифрлық платформасын әзірлеу.

 

 

ShakarimUniversity өз алдына мынадай нақты міндеттер қойып отыр:

– өз бетінше ойлап, жауапкершілікпен әрекет ете алатын мамандар даярлау;

– ұлттық мәдени кодпен сабақтас ғылыми өнімдер шығару;

– аймақтық университеттерге үлгі болатын зияткерлік орталыққа айналу.

 

 

Ректордың баяндамасы университеттердің тұлға тәрбиелеудегі рөлі туралы жалпыұлттық пікірталасқа шақыру ретінде қабылданды.

 

Абайдың туған жерінде – ондаған жылдар бойы руханият, еңбек және ағартушылық біртұтас дүние ретінде қалыптасқан өлкеде, Шәкәрім университеті бүгінгі ғаламдық сын-қатерлерге нақты жауап бере алады.

 

 

Бұл жауап – адам әлеуетін дамыту. Білім ар іліміне сүйенгенде, аймақ – тек ресурс көзі емес, мән мен мазмұнның қайнар көзіне айналады.

 

 

Форумның  басты тұжырымы:

«Толық адам» ілімі – Қазақстан қоғамының рухани сұранысына ғана емес, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (IV-мақсат – сапалы білім) талаптарына нақты жауап береді. Бұл – ұлттық болмыстың коды ғана емес, болашақтың стратегиялық бағдары.