Құндылық. Кемелдік. Қызмет ету. Баяндамасын дәл осы үш сөзбен бастаған Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары Қанат Оспанов мемлекеттік қызметтің негізі тек кәсіби дағдылармен ғана емес, адамның ішкі ұстанымымен, этикасымен, жауапкершілік ала білу қабілетімен айқындалуы тиіс екенін атап өтті.
Назар аударарлық жоба – «Елордаға жол» пилоттық бағдарламасы. Бұл бастама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – құқық саласы бойынша білім алған түлектерді елорданың сот жүйесіне тарту. Жас заңгерлерге Астана қаласының соттарында тәжірибеден өтіп, кәсіби мансабын нақты ортада бастау мүмкіндігі ұсынылады.
«Біз жай ғана жұмыс ұсынбаймыз,- деді Қанат Оспанов. – Біз құқықтық білімі бар, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген, саналы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастырып жатырмыз. Осы тұрғыда Абайдың “Толық адам” философиясы енді теориялық түсінік емес – ол нақты кадрлық стратегияға айналып отыр».
Форумға қатысқан жастар, әсіресе заң факультетінің студенттері бұл жобаны кәсіби жолдың шынайы платформасы, әрі форумдағы ең қолданбалы, тәжірибеге бағытталған жобалардың бірі ретінде жоғары бағалады.
Қанат Оспановтың бұл мазмұнды баяндамасы 23–24 мамыр күндері Шәкәрім университетінің базасында өткен «Абайдың Толық адам ілімі: Ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» атты Республикалық жастар форумы аясында айтылды.
Форум 70-тен астам жоғары оқу орнының өкілдерін біріктіріп, философия, білім және практикалық бастамалар тоғысқан болашақтың мазмұнды күн тәртібіне айналды.

