Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі07 сәуір 2025ғылым

Shakarim University-де Ғылым апталығы – Science Week 2025 басталды

7 сәуір күні Shakarim University-дің JasStar коворкинг-орталығында Science Week 2025 – Ғылым апталығы ресми түрде ашылды. Бұл апта Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Университет ректоры Думан Орынбеков құттықтау сөз сөйлеп, ғылымның ел дамуы үшін стратегиялық маңызын және қоғамды алға сүйрейтін қозғаушы күш ретіндегі рөлін ерекше атап өтті:

«Ғылым — бұл тек білім саласы ғана емес. Бұл – дамудың қуатты құралы, инновациялардың бастауы және тұрақты ілгерілеудің негізі. Мұндай аптада жаңа идеялар туындайды, командалық жұмыс нығаяды, жастар шабыттанады».

Shakarim University аймақтың жетекші ғылыми-инновациялық орталығы саналады. Ғылыми қызметтің басым бағыттары ретінде биотехнология, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі, экология, материалтану және ауыл шаруашылығы ғылымдары белгіленген,- дей келіп, университеттің ғылым бағытындағы елеулі жетістіктеріне де тоқталды. 

 

 2024 жылдың басты ғылыми жетістіктері:

40-тан астам ғылыми жоба белсенді түрде жүзеге асырылуда;

Scopus және Web of Science базаларында 110-нан астам мақала жарияланды, оның ішінде Q1–Q2 санатындағы журналдарда;

12 PhD диссертациясы сәтті қорғалды, 5 ғылыми атақ берілді;

Ғылыми зерттеулерді бірлесіп қаржыландыруға 300 миллион теңгеден астам қаржы тартылды;

450 миллион теңгеден астам сомаға заманауи жабдықтар сатып алынды;

Инжиниринг орталығы мен ПТР зертханасы ашылды;

Жас зерттеушілердің ғылымға тартылу деңгейі 60%-дан асты.

 

Апта бойы университетте 25-тен астам іс-шара өтеді:

«Shakarim-INNO» атты ашық студенттік конференция, шеберлік сабақтары, ғылыми пікірталастар, байқаулар, электронды постер-презентациялар және интеллектуалдық ойындар.

«Университет студенттік ғылымды дамытуды белсенді қолдайды және жаңа зерттеу көкжиектерін кеңейтеді. Жоғары зияткерлік әлеует, бастамашылық және білімге деген құштарлық – еліміздің болашақ ғылыми жетістіктерін қамтамасыз ететін басты күш»- деп түйіндеді Д. Орынбеков.