Соңғы жылдары сұлулық индустиясының әлемдік нарығында отандық табиғи шикізат негізінде жасалған косметика қарқынды сұранысқа ие. Бұл құбылыстың ғаламдық трендке ғана емес, сондай-ақ табиғи шикізаттың экологиялық тазалығымен және жоғары сапалылығының арқасында үлкен сүрансықа ие болып тұр. Косметикалық өнімдер өндірісі негізінде инновациялық технологияларды пайдаланатын заманауи косметикалық брендтер көп жағдайда ата-бабамыздан мұра ретінде қалған табиғи шикізаттың құнды биологиялық қасиеттері туралы білім мен дәстүрлі рецепттерге сүйене отырып жасалуда.
Табиғи косметикалық өнімдерді жасау үшін, әдетте, сіңімділігі мен биологиялық тиімділігі жоғары өсімдік текті, жануар текті және органо-минералды шикізаттың экологиялық таза және қауіпсіз түрлері қолданылады. Мысалы, дәрілік өсімдіктердің сығындылары мен майлары қоректік, антиоксидантты, қабынуға қарсы қасиеттерге ие және косметикалық майлар мен кремдер жасауда қолданылады. Микроэлементтерге бай саздың негізінде тазартқыш маскалар мен скрабтар жасалады, оның скрабтық қасиеті тері саңылауларын тазартуға және тері құрылымын жақсартуға көмектеседі. Коллаген, кератин сияқты жануар текті өнімдер терінің серпімділігі мен созылғыштығын сақтауға көмектеседі, ал жануарлардан алынатын балауыз болып саналатын ланолин тері ылғалдығын ұстап, теріні сыртқы факторлардан қорғайтын қорғаныс қабатын құрайды. Халықтық косметологияда бұрыннан қолданылып келе жатқан сүт және сүт қышқылды өнімдер биологиялық белсенді заттарға (ақуыздар, май қышқылдары), А, С, В дәрумендеріне бай әрі ылғалдандыратын, сергітетін, ағартатын және қартаюға қарсы әсерлерге ие.
Бүгінгі таңда Қазақстан нарығында косметикалық және космецевтикалық (емдік) өнімдер аз және негізінен шетелдік брендтермен ұсынылған. Табиғаты бірегей, флорасы алуан түрлілігімен қызықтыратын, көптеген емдік балшық кен орындары бар Шығыс Қазақстан өңірі отандық косметикалық өнімдерді жасау үшін нағыз таптырмайтын қазына болып табылады. Біздің аймақта итмұрын, теңіз шырғанағы, жаужапырақ (мелиса), сәлбен (шалфей), түймедақ және т.б. сияқты бірегей биологиялық қасиеттері бар көптеген өсімдіктерді кездестіруге болады. Алакөл, Барлық-арасан, Шошқалы сияқты әйгілі балшық кен орындары косметикалық мақсатта табиғи биологиялық белсенді субстраттар ретінде пайдалануға болады. Аталмыш өңірдің емдік қасиеттерін жергілікті тұрғындар сауықтыру мақсатында белсенді пайдалануына қарамастан, еліміздің Шығыс аймағында өсетін жабайы дәрілік өсімдіктері мен балшық кен орындарының физика-химиялық, биологиялық қасиеттері жеткілікті түрде толық зерттелмеген.
Шығыс Қазақстанның ауқымды шикізат қоры, сондай-ақ қазақстандықтардың табиғи және экологиялық таза косметикаға деген қызығушылықтарының артуы еліміздің сұлулық индустриясында отандық брендтер мен инновациялық формулаларды әзірлеумен айналысатын ғалымдардың қызығушылығын тудырады.
Мәселен, Astana International University, Шымкент университеті, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті, Alikhan Bokeikhan University білім ордаларының бір топ қазақстандық ғалымдары А. Мицкевич атындағы университеттің (Познань қ.) поляк ғалымдарымен бірлесе отырып «Отандық табиғи шикізат негізінде жаңа космецевтикалық өнім алу технологиясын әзірлеу» тақырыбы бойынша Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын ғылыми жобаны жеңіп алды. Ғылыми жоба үш жыл бойы бірлескен зерттеу жұмыстарын қамтиды (2024-2026жж.). Қазақстан-поляк ғалымдары емдік балшықтардың, Шығыс Қазақстан өңірінің дәрілік өсімдіктерінің және мал шаруашылығы өнімдерінің (сүт өнімдері, ланолин) физика-химиялық, биологиялық қасиеттерін кешенді зерттеу, сондай-ақ олардың негізінде космецевтикалық композициялар жасау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Осы бағыттағы ғалымдар тобының жұмысы Қазақстанда табиғи шикізаттан өнім өндіретін косметологиялық саланың дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Ал бұл өз кезегінде жергілікті шикізат негізінде бәсекеге қабілетті өнімдерді ұсына алатын, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешетін отандық косметикалық брендтердің өсуіне қолайлы жағдай жасайды.
Қазіргі заманауи косметологиялық композициялардағы осындай отандық өнімдердің жиынтығы әлемдік косметикалық индустрия нарығында қазақстандық ұлттық брендке айналу мүмкіндігіне ие.