Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі10 ақпан 2025жаңа міндеттер

ІЗДЕНІСПЕН ӘРЕКЕТ ЕТУ – БҮГІНГІ КҮН ТАЛАБЫ

Shakarim University ректоры Думан Орынбеков университеттің проректорлары, құрылымдық бөлім басшылары мен профессорлық-оқытушылар құрамын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 7 ақпанда өткен кеңейтілген алқа отырысында министр Саясат Нұрбектің білім беру сапасын арттыру, ғылым мен инновацияны дамыту, жас ғалымдарды қолдау, өнеркәсіппен ынтымақтастық орната отырып кадрлар даярлау, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету сынды министрлік қызметінің маңызды бағыттарын қамтыған баяндамасында көтерілген мәселелермен таныстырып, 2025 жылға жүктелген міндеттерді атап өтті. Бұл міндеттер бірнеше маңызды бағыттарды қамтиды.

 

Ректор жиын барысында еңбек нарығының өзгерістеріне сәйкес даярлықты жаңартып, білім беру бағдарламаларын сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу, қаржыландырудың жаңа моделін құру, халықаралық рейтингтерге кіру және сол жерде университеттің тұрақты орнын қамтамасыз ету, зерттеу бағыттары мен ғылыми жаңалықтарды нарыққа енгізу арқылы жаңа технологияларды қалыптастыруға септігін тигізетін ғылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, Эндаумент қорын құру, студенттер арасында жасанды интеллект дағдыларын жан-жақты дамытуға бағытталған AI – Sana бірегей бағдарламасын білім бағдарламасына енгізу қажеттігін айтты.

 

Бұл міндеттер Shakarim University-дің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және еліміздің білім беру саласын халықаралық деңгейде нығайтуға ықпал ететін маңызды қадамдар болып табылады.

 

Сонымен қатар, университеттің алты Жоғары мектебі мен үш Зерттеу мектебінің профессорлық-оқытушылар құрамымен «Комфортты білім беру ортасы: ректормен диалог» тақырыбында кездесу өтті.

 

Ашық диалог алаңында еркін пікірлескен барлық Жоғары мектеп пен Зерттеу мектебінің профессорлық-оқытушылар құрамы өз тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салып, университеттің оқу және ғылыми процестерін жетілдіру жолдарын қарастырды. Диалог алаңында қатысушылар білім беру ортасын дамыту, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, студенттермен өзара әрекеттесуді жақсарту және әлеуметтік мәселелерге қатысты өзекті тақырыптарды талқылады.

 

Ректор тарапынан ұсынылған бастамалар мен мәселелерге қатысты профессорлық-оқытушылар құрамы өз пікірлерін білдіріп, практикалық шешімдер ұсынды. Бұл диалог білім беру мекемесінің стратегиялық бағытын анықтауға және оқу процесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Әрбір қатысушының пікірлері мен ұсыныстары университеттің болашақ дамуына айтарлықтай ықпал ететіндігі атап өтілді.