Бүгін өңірде педагогтердің облыстық тамыз конференциясы ұйымдастырылды.
Конференцияға облыс әкімі, қаланың, аудандардың білім басшылары, ЖОО-ның әлеуметтік мәселелер жөніндегі басшылары, ардагер ұстаздар мен педагогтер, ата-аналар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Жиын барысында әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Берікхан Ісбек баяндама жасап, оқу орнында дарынды оқушы – білімді студент – білікті маман моделін іске асырылып жатқандығын тілге тиек етті.
"Мектеп оқушысын университетке тартуда біз жалаң агитациядан, мазмұнды профориентацияға көшудеміз. Аймақтағы мектептермен бірлескен жобалар бар. Университет базасында Академиялық гимназия ашу жұмысы қолға алынды. Мақсат: болашақта ұстаз болам деген оқушыларды өңірлерден іріктеп, 10-сыныптап бастап, бағыттап оқыту", – деді Басқарма мүшесі Берікхан Ісбек.
Сондай-ақ ауылдық жерлердегі оқушылар мен ұстаздарды қолдау масатында «Шәкәрім онлайн мектебі» ашылғандығын, бұл платформада оқушыларды педагогикалық мамандықтарға тарту, олардың білімдерін толықтыру және ғылымға баулуға екпін түсірілгендігін атап өтті.
Дәстүрлі шарада облыстың білім саласындағы жеткен жетістіктерін айшықтайтын көрме ұйымдастырылды. Семей, Курчатов қалаларының, Абай, Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және т.б. аудандары білім алушыларының "STEM-Fest" робототехника, 3D модельдеу саласында жеткен жетістіктері, "Ұшқыр ой алаңы" оқушылар мен студент жастардың дебаттық қозғалысы, "Біздің бастамаларымыз" мектеп парламенті балалар қоғамдастығының оқудан тыс қызметті ұйымдастыру, Read-x оқу конференция алаңдары көрермен қауымға ұсынылды.
"Білімді ұрпақ: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық" тақырыбында өткен жиында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру, мұғалім мен оқушы арасында сенімді және өнімді қарым-қатынас орнату тәсілдері, "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы негізінде өңірдің әлеуетін арттыру, өңір үшін білікті және сұранысқа ие мамандарды даярлау мәселелері талқыланды.