Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі28 маусым 2022министр, аграр

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА

Бүгін Шәкәрім университетіне ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов бастаған делегация жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев, ҚР АШМ Биологиялық қауіпсіздік басқармасының бастығы Саян Құрманғалиев, Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Серікқазы Садвакасов, ШҚО ветеринария басқармасының «Семей-Вет» шаруашылық жүргізу құқығындағы КММ директорының орынбасары Еркебұлан Байғалиев, Семей қ. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басшысы Жанат Ракишев, ҚР Ауылшаруашылық министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» Республикалық мемлекеттік мекемесі Шығыс Қазақстан филиалы басшысы Еркебұлан Аманғалиұлы оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып, аграрлық салада қызмет атқарып, ғылыми әлеуетті көтеріп жүрген профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.
Ведомство өкілі Рүстем Жомартұлы өз сөзінде Шәкәрім университетінің еліміздегі аграрлық салада сапалы мамандар дайындайтын бірден-бір оқу орны екендігін тілге тиек етіп, кездесудің мақсат-міндетіне тоқталып өтті. Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда ветеринарлық дәрігер мәртебесін көтеру қажеттігі және тиісті жалақы тағайындау керектігі күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Сондай-ақ, вице-министр университет тарапынан ветеринарлық дәрігердің нормативтік жүктемесін анықтау мақсатында қолдау көрсетуді сұрады.
Пікір-алмасу барысында университет ғалымдары республика бойынша мал дәрігерлерінің орташа жасы 40-55 жасты құрайды. Ветеринарлық секторда жас, жоғары білікті кадрлар жетіспейді. Қазіргі заманғы қоғамның үрдістерімен тең табыс табу мүмкіндігінің болмауы, жұмыстың қиындығы, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның дамымауы жас мамандардың мал дәрігері кәсібіне деген қызығушылығын төмендетіп келеді. Осы ретте, «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы университет басшылығы бірыңғай стандарттар әзірлеуге оқу орны тарапынан қолдау білдіретіндігін, бірлесе жұмыстар атқаратындығын жеткізді.