Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі31 қаңтар 2025хакатон

ХАКАТОН-2025: SHAKARIM UNIVERSITY ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ МЫҚТЫ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ АРАСЫНДА ТОП ЖАРДЫ!

23 университет, бір жеңіс. Ол Shakarim University-ге бұйырды!

 

2025 жылғы 29-31 қаңтар аралығында Астанада «Қазақстан университеттері – ел дамуының драйверлері» Хакатон-2025 шарасы өтті. Ауқымды шара еліміздің жетекші жоғары оқу орындарын, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігін біріктіріп, жоғары білім саласындағы үздік стратег атану үшін интеллектуалдық бәсеке алаңына айналды.

 

Жарыс қорытындысы бойынша Shakarim University ұлттық университеттерді де басып озып абсолютті жеңімпаз атанды. Бұл университет командасы – елдің болашағын қалыптастыратын жаңа көшбасшылар екенін дәлелдеді!

 

Жеңістің ерекшелігі – университеттің жоғары стратегиялық дайындық деңгейін көрсетіп қана қоймай, оны болашақтың идеяларын бүгіннің шындығына айналдырып жүрген жас әрі өршіл проректорлар мен басшылардың таныстыруында.

 

Мәскеудің «Сколково» басқару мектебі әзірлеген FuturEdu Strategy Simulation қарқынды стратегиялық симуляциясы барысында қатысушылар бүкіл ел ауқымында университеттік ортаның дамуына әсер ететін шешімдер қабылдады. Осы тұста Shakarim University командасы ең жоғары деңгейдегі құзыреттілікті, инновацияларды интеграциялау және стратегиялық ойлау қабілетін көрсетіп, Қазақстанның 23 жетекші университеті арасында сөзсіз көшбасшы атанды.

 

Shakarim University-ді жаңа буынның жас мамандары Стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Асқар Қасымов, Интернациоландыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай, Қаржы департаментінің директоры, бас бухгалтер Әсем Асаубаева, Персоналды дамытуды сүйемелдеу бөлімінің жетекшісі Айнұр Рахымбердиева, Білім алушыларға қызмет көрсету орталығының жетекшісі Шыңғыс Әмірханов,  Құрылыс және геодезия кафедрасының меңгерушісі Ілияс Жұмаділов  және Студенттік парламент спикері Нұрасыл Елубаев таныстырды.  

 

Біздің команда тек стратегияны ғана жасап қойған жоқ, ол Shakarim University-дің болашақты қалыптастырып, жаңа буын менеджерлерін, кәсіпкерлерін және ғалымдарын тәрбиелейтінін дәлелдеді.

 

Жеңіс – бұл, әрине нәтиже, бірақ одан да маңыздысы, ол аймақтық жаңа форматтағы университеттердің Қазақстанның дамуына жауапкершілік алуға дайын екенін көрсететін белгі.

 

Команданы құттықтай отырып, ректор Думан Орынбеков әрбір Shakarim University-ді таныстырған менеджердің артында студенттер, оқытушылар мен зерттеушілер тұрғанын атап өтті. Бүгінгі күннің мықты кадрлары ертең еліміздің дамуына зор үлес қосары сөзсіз! 

 

Хакатон-2025 қазіргі көшбасшылықтың ішінде мәртебе, алға жылжу қабілеті және болашақты көру мүмкіндігі жатқанының дәлелі болды.