Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі03 қазан 2024мамандық таңдау

МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ – БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ

Қазіргі заманауи білім беру кеңістігінде өскелең ұрпаққа кәсіби бағдар беру де өзекті мәселелер қатарында тұр.  Кәсіби бағдар беру жұмысы жас ұрпақтың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік жасайды. Осы ретте ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев Shakarim University студенттері мен   «Shakarim High School» мектебінің оқушыларына кәсіби бағдар беру бойынша шеберлік сағатын өткізді.

Университеттің академиялық  мәселелер жөніндегі проректоры Индира Оралқанова министрлік өкілін таныстырып, бүгінгі шеберлік сабағы тақырыбының  маңыздылығына тоқталды.

Дұрыс таңдалған мамандық бүгінгі студенттің келешек өміріне әсер ететіні белгілі. Өз кәсібін дұрыс таңдай білген жастан ертеңгі күні кәсіби тұлға пайда болады. Оқу орнының қабырғасынан бәсекеге қабілетті маман болып шығу үшін әрбір жастың өзі таңдаған мамандыққа деген сүйіспеншілігі болу керек. Руслан Тохтарбекұлының жастарға түсіндіргені осы болды.

Сабақ барысында мамандық таңдауда ата-ана ықпалының бала таңдауынан басым түсіп жататындығы, соның салдарынан қолында дипломы бар, бірақ кәсібіне пейілі де, бейімі де жоқ түлек бітіріп шығатыны, мұның өз кезегінде ел дамуына кері әсер ететіндігі, маман тапшылығының осыдан келіп туындайтыны нақты мысалдармен түсіндірілді. Сонымен қатар, ҰБТ жүйесінің тиімділігі, жылдар бойғы алған білімнің нәтижесі бір сәтте сарапқа салынып, әркім қабілет-қарымына қарай өз таңдауын жасайтын сәтте ҰБТ-ның әрбір балы маңызды рөл ойнайтыны айтылып, жастардың сауалдарына тұшымды жауап берілді.

Шеберлік сабағының түйіні – жүрек қалауымен таңдалған мамандық қана асқақ арманыңның орындалуына жол ашып, таңдаулы маман атандырады.