Шәкәрім университетінде «Инженерлік білім – жаңа Қазақстан жетістікке жетудің кілті» диалогтық алаңы өтті. Кездесуге «Семей инжиниринг», «ҚТЖ – Жүк тасымалы», «Kondiz» ЖШС басшылығының өкілдері, «Мансап және жұмысқа орналастыру» бөлімі мен бітіруші курс студенттері қатысты. Жиында жұмыспен қамту және өндірістік іс-тәжірибе, дуалды оқыту, бірлескен ғылыми жобалар мәселелері талқыланды. Іс-шараны «Технологиялық жабдықтар және машина жасау» кафедрасы ұйымдастырды.
Инженерлік-технологиялық факультетінің деканы Гүлнұр Нұрымхан бүгінгі жиынның студенттер үшін маңыздылығын атап өтті. Білім алушылар тікелей өндірістік орындардың басшыларына көкейінде жүрген сауалдарын қойып, жұмыспен қамтамасыз етуге толық мүмкіндіктері бар екендігін тілге тиек етті. Өз кезегінде «Технологиялық жабдықтар және машина жасау» кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Жумадилова инженерлік мамандықтар жоғары сұранысқа ие екендігін айтты.
«Бүгінгі іс-шара әрқайсымыз үшін өте маңызды, өйткені жұмыс берушілер сіздің араңыздан өз қызметкерін тауып, сізден жоғары кадрлық әлеуетті көре алады», - деп түйіндеді кафедра меңгерушісі. Өз саласының мықтылары студенттерге өз компаниялары туралы жіті ақпарат берді.
«Семей Инжиниринг»
«Бүгінгі таңда зауытта өндіріс көлемі ұлғаюда, өнім ассортименті кеңеюде, техникалық қайта жарақтандыруға және әлеуметтік саясатқа инвестициялар салынуда. Бұл жаңа биіктерге сенімді түрде алға жылжуға мүмкіндік беред», - деді "Семей инжиниринг" АҚ директорының өндірістік бөлім бойынша орынбасары Расул Тұрағұлов. Сондай-ақ, бітіруші түлектер дуалды оқыту форматында өздерін жақсы қырынан көрсеткендіктен, өндіріс орны бірқатар студенттерді жұмысқа алмақшы екендігін айтты.
«Kondiz» ЖШС:
«Біздің кондитерлік фабрикамыз – еліміздегі ең жас және қарқынды дамып келе жатқан кондитерлік кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорында орнатылған «Werner & Pfeiderer» неміс компаниясының технологиялық жабдығы біздің зауытты Қазақстан Республикасында да, одан тыс жерлерде де ұн кондитерлік өнімдерін өндірушілер арасында жетекші орынға шығаруға мүмкіндік берді. Фабрикада 200-ден астам жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Оның жоғарғы пайызы Шәкәрім университетінің түлектері», - деді директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Әділбек Акимов.
"ҚТЖ - Жүк тасымалы" ЖШС:
«Компания құрылымында Қазақстанның темір жолдары желісі бойынша клиенттерге қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және жүктерді тасымалдау бойынша қызметтердің толық кешенін ұсынатын жол бөлімшелері мен локомотив деполарынан құрылған филиалдық желі бар. Қазіргі таңда ҚТЖ жұмысқа орналасу үшін сіздер арнайы сайттарға түйіндемелеріңізді өткізулеріңіз қажет. Мысалға, Шәкәрім университетінің түлегі Әйгерім Шымырбаева алдыңғы жылы
https://job.railways.kz/ және
https://qsamruk.kz/ сайттарына түйіндемесін өткізіп, арнайы тест тапсырған. Бүгінгі күні «Жас темір» бағдарламасы аясында менеджер қызметінде жұмыс істеуде. Сол потенциалды мен сіздерден көремін, құрметті бітіруші түлектер!»,- деп түйіндеді ҚТЖ мекемесінің инженері Бекзат Каримханов.
Кездесу барысында студенттер өз ойларымен, идеяларымен бөлісті. Ірі отандық компаниялардың өкілдерімен түйіндеме алмасты. Бұл өз кезегінде жастардың жұмыспен қамтылу мәселесіне өз үлесін қосары анық.