Бүгін Шәкәрім шаңырағында студенттердің дәстүрлі спартакиадасының жабылу салтанаты өтті. Ондағы мақсат университет студенттерінің денсаулығын нығайту, спорттық шеберлігін шыңдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Жігер мен жеңіске толы шарада студенттеріміз - футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен 6 команда (ГЭФ, ИТФ, ЖМФ, ФФ, ВАФ және Колледж) сынға түсті.
Шарада Басқарма мүшесі - әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Берікхан Иісбекұлы спорт – бейбітшілік пен ынтымақтың нышаны екенін тілге тиек етті. Мақсат осындай спорттық шаралар арқылы студенттерді бірлікке бағыттау. Бұл спартакиада келешекте дәстүрлі түрде өтетінін атап өтті.
“Жастардың жан-жақты дамуын дене тәрбиесінсіз елестету мүмкін емес. Ал, дене тәрбиесі - барлық тәрбие атаулының бір саласы. Әр спорт кезеңінде қатысушылардың жанарынан жеңіске деген жігер, командалық рух ерекше сезіліп тұрды”,- деді Берікхан Иісбекұлы.
Бәсі биік бәсекенің қорытындысы бойынша командалық жалпы есепте Инженерлік-технологиялық факультетi өзгелерден оқ бойы озып шығып, 1-орын алды. Жаратылыстану-математика факультеті 2- орынды иеленсе, жүлделі 3-ші орын Гуманитарлық-экономика факультетінің қанжығасына байланды.
Жеңіске деген құштарлық танытқан жүлдегерлерімізді марапаттау шарасы «Шәкәрім маршы» әнімен аяқталды. Спорт денсаулық кепілі екенін ұмытпайық!