Мәскеудегі Қазақстанның Елшілігінде «Шәкәрім – Абай мұрасының ізбасары» атты дөңгелек үстел өтті. Ол ойшыл-ақын Шәкәрімнің 165 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Осы ғылыми-мәдени шараға арнайы шақырылған университет жанындағы «Шәкәрім» музейінің басшысы Тұрдықұл Шаңбай «Шәкәрім феномені» тақырыбында сөз сөйлеп, Семейдегі Шәкәрім университеті шәкәрімтану ғылымының дамуында басым бағыт ұстанып отырғанын атап өтті. Отандық ғылымда өз орны бар «Шәкәрімтану мәселелері» атты іргелі сериялық ғылыми жинақтың да осы университетте жарық көріп жатқанын жеткізді.
«Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясын, Мұхтар Мағауиннің дайындауымен 1978 жылы Ленинградта жарық көрген «Поэты Казахстана» жинағын және «Шәкәрім және Толстой» тақырыбында диссертация қорғаған Шәкәрім университетінің түлегі Айжан Аманжол дайындаған «Шакарим. Избранное» жинағын сыйға тартты.
Тұрдықұл Қасенұлы сөз соңында Шәкәрім шығармаларын орыс тілінде бірлесе Мәскеуде шығару туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев қолдады. Шәкәрім шығармалары жинағын атақты «Художественная литература» баспасының Бас редакторы Г.В. Пряхинмен бірлесе дайындау туралы ортақ келісімге келді. Бұған дейін де Тұрдықұл Шаңбай осы баспадан Абай мұрасына байланысты, жалпы қазақ мәдениетіне қатысты көптеген кітаптар шығарған болатын. Шығармашылық байланыс туралы ортақ сұхбат нәтижелі болды.
Жалпы, Мәскеудегі Қазақстанның Елшілігі қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттауда қарқынды еңбек етуде. Мысалы, осы кездесу аясында «Триста казахских сказок» екі томдығының тұсаукесері өтті. Ғұлама философтың мерейтойына арналған мәдени шараға Ресей тарапынан жазушы, халықаралық журналист В. Н. Снегиров, әдебиеттанушы ғалым В. В. Огрызко, жазушы Г. В. Пряхин, және т. б. қатысты.