14 наурыз - қазақтың ежелден келе жатқан ата салты Көрісу күні. Бүгін Шәкәрім шаңырағында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен Көрісу күні аталып өтті.
Тағылымды шараға университет басшылары, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
14 наурыз - Көрісу мейрамы, амал мерекесі. Көрісу күнінде халық қыстан аман - есен шыққанына қуанып, бір - бірімен қол алысады. Бұл күні барлық өкпе - реніш ұмытылып, кешіріледі.
Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәттісін үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір – біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман - есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді.
Іс-шара барысында келген қонақтарға ақ дастарханнан қымыз, ыстық бауырсақ пен басқа да қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.
Айта кетейік, Ұлыстың ұлы күні - Әз-Наурыз мерекесіне байланысты Шәкәрім университетінде 10 күндік іс-шара жоспары түзілген.