Shakarim University Наурыз мейрамы мен «Жаңару» күнін сән-салтанатпен атап өтті. Ұлыстың Ұлы мерекесіне арнайы шақырылған меймандар университет аумағында құрылған киіз үйді аралап, наурыз дастарханынан дәм татты. Аға буын өкілдері жастарға баталарын беріп, шежіреден біраз сыр шертті. Бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасқан шәкәрімдіктер «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» «Құтты, берекелі жыл болғай!» деп ақ тілектің тиегін ағытты. Бұл күні аспан ашылып, күн жылынып, табиғат та нұрланып сала берді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Университет басшысы Думан Орынбеков жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Өз сөзінде Басқарма төрағасы Наурыз ынтымақ пен бірліктің мерекесі екенін жеткізді.
- Жыл басы Наурыз ортамызға тың бастамалар, жағымды жаңалықтармен келіп отыр. Оқу орнымыздың 90 жылдық мерейтойын қара шаңырақта сән салтанатымен атап өту жоспарға алынды. «90 жылдыққа 90 игі шара» легін өткізетін боламыз. Бұл да жаңару мен жаңғырудың белгісі. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдама негізінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыздан бастап тойланатын болды. Ырыс пен берекенің арқауы болған Әз Наурыз қажырлы еңбектеріңізге шығармашылық табыстар әкелсін!- деді ректор.
Жиын қала жұлдыздарының ұлттық фольклордың бірі, ауыз әдебиеті арқылы мұра болып жеткен Жарапазан өлеңін орындаумен басталды. Жарапазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. Ол ораза ұсталатын Рамазан айында ғана орындалады.
Көктеммен бірге өміріне шуақ, шапағат кіреді деп сенген халқымыз Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «Әз Наурыз» деп айрықша әспеттеген. Биылғы көктем мерекесі Балқан түбегі, Қара теңіз аймағы, Кавказ, Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінің салт-дәстүрін көрсетумен өткізілді. Білім ордасының бес факультеті мен жоғары колледжі Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия және Тәжікстан халықтарының әдет-ғұрпын, ұлттық тамақтары мен өнерін паш етті.
Бұдан бөлек, білім ордасының өнерлі жастары ән айтып, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымы мейрам қарсаңында ұлттық тағамдар себетін сыйға тартты. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің мәні де, маңызы да зор. Айта кетейік, қара шаңырақта Ұлыстың Ұлы күнін тойлау 14 наурыз – «Көрісу күнінен» бастау алған болатын. Наурызнаманың онкүндігі 23 наурызға дейін жалғасады.