Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі04 маусым 2024спорт, құттықтаймыз, жеңімпаз

SHAKARIM UNIVERSITY СПОРТШЫЛАРЫ – ЕЛ ЧЕМПИОНДАРЫ

Щучинск қаласында қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі жастар ұлдар мен қыздар арасында ҚР чемпионаты өтті. Үш күнге созылған чемпионаттың бағдарламасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінен ат терлетіп келген балуандар 68 медаль мен 1 кубок жиынтығын сарапқа салды.
Жарыс нәтижесі бойынша Shakarim University түлектері мен студенттері қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпиондары атанды. Білекті балуандар бақ сынаған бәсекеде университет түлектері Роза Нысантайқызы алтыннан алқа тағынса, Алтынбек Қалмақбаев күміс жүлдеге ие болды. «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының студенттері Мэлсов Нұржан мен Қазез Жанат күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Мемлекеттік рәміздер күнінде Сарыарқаның раушан гүлі атанған Бурабай қасиетті өңірінен ақжолтай жаңалықпен бөліскіміз келді. Шәкәрімдіктерді жеңістерімен құттықтай отырып, жас спортшыларға қажымас қайрат, амандық тілейміз.
Айта кетерлігі, Shakarim University түлектері арасында қазақтан тұңғыш шыққан олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстан, Азия барыстары турнирлерінің жеңімпаздары Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев, Токио олимпиадасына жолдама алған Нұрсұлтан Тұрсыновтар бар. Бүгінгі жас спортшылар – атақты балуандардың заңды жалғасы.