Басқарма төрағасы – Ректор Бауыржан Ердембеков Париждегі Франция және Қазақстан жоғары оқу орындарының VII форумы аясында Леонардо Да Винчи менеджмент мектебінің директоры Себастьен Тран мырзамен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында университет басшылары ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойып, аталмыш оқу орнының кампусында стратегиялық әріптестік жөніндегі жоспарларды талқылады.
Леонардо да Винчи университеті Францияның үздік үш бизнес мектебінің қатарына кіреді. Жеке меншік оқу орны Еуропаның танымал Париж - Ла-Дефанс іскерлік ауданында орналасқан.
Кампус қабырғасында үш мектеп жұмыс істейді: Менеджмент және бизнес мектебі (EMLV); инженерлік мектеп (ESILV), сондай-ақ сандық мектеп (IIM).
Менеджмент және бизнес мектебі (EMLV) Халықаралық бизнесі МВА, Жабдықтауды басқару, Цифрлық бизнес-аналитика, Маркетинг және цифрлы коммуникация сияқты халықаралық білім беру бағдарламаларымен әйгілі.
Инженерлік мектеп (ESILV) Computer Science, цифрлық қаржылық аналитика және энергетика саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған. Білім беру бағдарламалары техника мен жоғары технологияларды дамытудағы заманауи әлемдік трендтерге сай келеді: жасанды интеллект, цифрлық модельдеу және механика, киберқауіпсіздік және есептеу, креативті технологиялар, медициналық инженерия және биотехнология, индустрия 4.0, заттар интернеті және қауіпсіздік.
Цифрлық мектеп (IIM) цифрлық дизайн және сандық коммуникация мамандарын даярлауға бағытталған. Ең қызықты бағдарламалардың бірі – 3D модельдеу, компьютерлік ойын дизайны, Full Stack Developer, веб-инженерия және т.б.
Университетте 8000-нан астам студент оқиды. Альма-матердің ішкі саясатына сәйкес контингенттің 20% -ын шетелдік білім алушылар құрайды.
Да Винчи университеті – Шәкәрім университетінің сенімді стратегиялық серіктесіне айналды. Жасалған Меморандум аясында ЖОО-ның студенттері мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді жүзеге асырылады және магистратура бойынша қос дипломды білім беру бағдарламалары әзірленеді. Академиялық ұтқырлық бойынша тараптар оқу ақысын алмайды, сондай-ақ қабылдаушы тарап шақырту алған оқытушының тегін тұруы мен тамақтану шығындарын өтейтінін айтты.
Қос дипломды білім беру бағдарламалары келісіміне сәйкес Шәкәрім университетінің білім алушыларына қазақстандық диплом мен француз университетінің дипломын алуға бірегей мүмкіндік туды. Бакалавриатта оқыту 3+2, ал магистратура бағдарламалары 1+1 моделі бойынша жүзеге асырылады.
АТАҚТЫ ҒҰЛАМАЛАРДЫҢ ЕСІМІН ИЕЛЕНГЕН ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ТАБЫСТЫ БОЛҒАЙ!