Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі11 қазан 2023студенттер қауіпсіздігі, безопасность студентов

СТУДЕНТТЕР ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Шәкәрім университетінде Семей қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Абдіғалиев білім алушыларға «Цифрландыру жағдайында құқықтық ағарту және құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында дәріс өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мектептер мен университеттерде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында полиция басқармасының бастығы заңнаманы түсіндіруге және киберқылмыстың алдын алуға ерекше назар аударды.

– Интернеттегі пайдаланушыларды күтіп тұрған қауіптер туралы білу маңызды. Әрбір пайдаланушы интернеттегі жұмыс белгілі бір тәуекелге баратынын түсінуі керек. Кибергигиена көптеген қауіптерден аулақ болуға мүмкіндік береді, – деді Қайрат Бакитович.

Сонымен қатар, полиция басқармасының бастығы студенттерге интернет-алаяқтар қолданатын алдау тәсілдері туралы айтып берді. Көбінесе алданған адамдардың тізіміне белгілі бір қызметтерге айырбастау үшін жеңіл ақшамен келісетін жастар кіреді. Олар өздерінің онлайн әмияндарын немесе карточкалық шоттарын ұсынып, құрбан болады немесе қылмыстық қудалау орбитасына түседі. Осындай салдардан қорғану үшін студенттерді күмәнді ұсыныстардан бас тартуға шақырды.

Кездесу барысында студенттер «дроп» деген жаңа терминмен танысты. Қайрат Абдіғалиевтің сөзіне сенсек,  әдетте, дропперлер тез және жеңіл ақша таба аламын деп сенетін, ақшаға өте мұқтаж және кез-келген жұмысқа келісетін азаматтар болады. Алаяқтар мұны жақсы біледі және пайдаланады. Сондықтан олар көбінесе дропперлерге кандидаттар ретінде студенттерді, жұмыссыздарды, мүмкіндігі шектеулі топтардың өкілдерін, соның ішінде қарт азаматтарды тартуға тырысады. Сондықтан мұндай жағдайлар орын алмас үшін алдын-ала ақпараттандырылып,  қауіпсіздік қағидаларын есте сақтаған жөн.

Айта кету керек, жоспарлы түрде өткізіліп, құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алуға бағытталған іс-шараның бүгінде маңызы зор.