Құрметті әріптестер, ардақты Shakarim University студенттері, Shakarim College және Shakarim High School шәкірттері!
Дәстүр бойынша қыркүйек айының үшінші жексенбісінде біз ерекше мерекені – Семей қаласының күнін атап өтеміз.
Қала орталығындағы биік ғимараттардың бірінің төбесіндегі «Туған қалам Семейім!» деген жүрекке ерекше жылылық сыйлайтын тіркесті әрқайсымыз көріп жүрміз.
Бұл — баршамызды біріктіретін рухтың ұйытқысы, туған жерге деген терең мақтаныш пен құрметтің, оның терең тарихына деген ізгі сезімнің және жарқын болашағына деген саналы жауапкершіліктің айғағы іспеттес.
Тарихшылар әлі күнге дейін Семей қаласының нақты жасын анықтау жолында ізденістерін жалғастырып келеді. Алайда, бүгінгі күннің өзінде бұл – бес ғасырға жуық шежіресі бар көне шаһар екенін анық білеміз. Қаланың жасы көбіне 1718 жылмен – Семипалатинск бекінісінің салынуымен байланыстырылады. Дегенмен, Ертістің шығыс жағалауында орын тепкен «Жеті шатыр», яғни будда ғибадатханалары жайлы алғашқы жазба деректер 1616 жылдарға тіреледі.
Бұл тек архив құжаттарымен ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ауызша аңыз-әңгімелермен де дәлелденеді. Жеті-сегіз, тіпті тоғыз атадан бері айтылып келе жатқан ел жадындағы шежірелер – Семейдің терең тарихи тамырының айғағы.
Семей – тек ресми датамен шектелмейтін, тарихы одан әлдеқайда бұрын басталған, халқымыздың рухани жадында өшпестей орын алған қасиетті мекен. Бұл қала – ұлттың жүрек соғысы, ұлттық кодымыздың алтын өзегі. Оның әрбір тасы, әрбір көшесі – ғасырлар сырын ішіне бүккен шежіре, елдің өткені мен бүгінінің куәсі.
Семей талай белесті бастан кешті: гүлдену мен дағдарыс, соғыс пен қайғы, күйреу мен қайта жаңғыру кезеңдерін өткерді. Бірақ ол ешқашан тізе бүккен емес. Уақыттың дауылына мойымай, қайта түлеп, қайта жандана білді. Бұл – Семейдің рухы, бұл – халқымыздың өршіл рухының көрінісі.
Семей – Қазақстанның тарихи жүрегі, ұлттық интеллигенцияның бесігі, жаңа ойлар мен өркениеттік серпілістердің алтын ошағы. Бұл қала – тек шежірелі мекен ғана емес, халқымыздың тағдырына тікелей ықпал еткен өр тұлғалардың ордасы.
Дәл осы Семейде алғаш гимназиялар мен мұғалімдер семинариясы жұмыс істеп, қазақ баласына білім мен ғылымның шамын жақты. Мұнда Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сынды алыптар алғаш білім алып, кейін бүкіл ұлттың рухани және ғылыми көкжиегін кеңейтті. Бұл жерде қазақ ғылымының, мәдениетінің іргетасы қаланды.
1917 жылы дәл осы қалада қазақ халқының азаттыққа ұмтылысы мен мемлекеттік санасының жарқын көрінісі – «Алаш Орда» қозғалысы дүниеге келді.
Семей – тек тарих сахнасының куәсі емес, мәдениет пен спорттың да темірқазығы. Қазақ футболының туы алғаш осы шаһарда желбіреді. Ел тағдырын шешкен алыптар шыққан қасиетті мекен – ең алдымен, Абай мен Шәкәрімнің ізі қалған рухани орда. Олардың аманаты – бүгінгі ұрпақ үшін өмірлік бағдар, рухани компас.
Биыл біздің университет үшін ерекше жыл болды.
Өзінің 100 жылдық мерейтойына қадам басқан тарихи білім ордасы – Shakarim University Семейдің тағылымды жылнамасына жаңа, жарқын бет қосты. Біз әлемдік ғылым мен білім кеңістігінде өз орнымызды нақтылап, QS World University Rankings рейтингінен орын алдық.
Халықаралық әріптестік кеңейіп, жаңа зерттеу мектептері мен зертханалар ашылып, университет жаңашыл идеялар мен ғылыми жаңалықтардың орталығына айналды.
Бүгінде Shakarim University – тек білім ордасы ғана емес, Абай облысының ғылым, мәдениет, экономикасын алға сүйрейтін тірек нүктесіне айналып отыр. Біздің жетістіктеріміз – жаңалық ашқан зерттеушіден бастап, ел ішінде беделге ие болған түлектерімізге дейін – Семейдің мәртебесін арттыруға, оның болашағын айқындауға үлес қосып жатыр.
Біз бір нәрсені дәлелдедік: өңірлік университет заман көшінен қалмай, аймақты алға бастайтын қуатты қозғаушы күшке айнала алады. Бұл тек университеттің емес, тұтас Семейдің жеңісі. Себебі, қарапайым формула бойынша университет мықты болса – қала да мықты. Ал қаланың қуаты – тұтас өңірдің даму әлеуеті.
Президентіміз атап өткендей, өңірлер Қазақстан дамуының драйверіне айналуда. Семей – соның жарқын мысалы.
Және осының бәрі – дәл осы жерде, қасиетті Семейде жүзеге асып жатыр. Ғылыммен айналысқың келсе – мүмкіндігің бар. Білім алғың келсе – жолың ашық. Қанат қаққың келсе – көкжиек кең.
Университеттің жетістіктері – тек біздің ішкі жеңістеріміз емес. Олар бүкіл қаланың абыройы мен беделіне қосылған үлес, Семейдің Қазақстанның тарихи әрі заманауи орталығы ретіндегі мәртебесін нығайту.
Біздің университет – бұл әр адамның болашағын өзгерте алатын, туған топырағында тұрып-ақ, әлемдік деңгейге көтерілуге мүмкіндік беретін орда. Мұнда жасалған әр бастама – қаланың дамуына, елдің өсіп-өркендеуіне қызмет етеді.
Семейге келіп, біздің университетке түсіп, ғалым, инженер, педагог атанып, елдің болашағына үлес қосу ең үлкен мәртебе болатын уақыт келетініне сенемін!
Құрметті достар!
«Туған қалам – Семейім» – әрдайым шабыт пен жігер, білім мен батылдық қаласы болып қала берсін!
Туған қаламызға деген сүйіспеншілік бізге күш-қуат беріп, ұлы істердің дәл осы жерде – өз қаламызда, өз университетімізде, осы өңірде жүзеге асатынына сенім сыйласын!
Семей қаласының күні құтты болсын!
Shakarim University ректоры Думан Орынбеков