Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 қазан 2024студент

БАҚЫТЫН БОЗ КІЛЕМНЕН ТАПҚАН ҚОС ҚАРЛЫҒАШ

Shakarim University-дің 90 жылдығына орай «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасы «Табысты тұлғалардың дәрісі» айдары аясында  V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын медаль иегері, Әлем чемпионы, Азия чемпионы, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Роза Нысантайқызы және арқан тартыстан Көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері Әйгерім Жұмановамен кездесу өткізді. 

«Алғашқы дайындықтан сырттағы ең жоғары жетістікке: Арманда және жеңімпаз бол!» тақырыбымен өткен кездесуге университет студенттері мен ұстаздары, сонымен қатар, қос спортшының жаттықтырушысы Айбек Жұманбаев қатысты. 

Күні кеше арқа төсін дүбірлетіп, күллі көшпенділер өркениетінің мұрагерлері бақтары мен баптарын сынаған бәсекеде жеңіс тұғырынан көрінген университет түлектерімен болған кездесуді Жаратылыстану жоғары мектебінің деканы Жандос Мұқаев ашып, қатысушыларға қос қарлығашымызды таныстырып, олардың жетістіктеріне тоқталды.  

Кездесу барысында студенттер қонақтарға өз сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты.  Өз кезегінде Олимп шыңын бағындыруды мақсат еткен спортшылар жетістікке жетудің сырымен бөлісіп, жастарды алға ұмтылуға, ерінбей еңбектенуге, биік мақсат қоюға үндеді.

Абай облысының ғана емес, байрақты бәсекелерде еліміздің Туын желбіретіп жүрген кеш қонақтарына Шәкәрім университеті ректорының Алғыс хаты табыс етілді.

Айта кету керек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қазандағы Жарлығына сәйкес V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жеткен Роза Нысантайқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Әйгерім Жұманова ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған болатын.